«Асар Отау» тұрғын үй кооперативінің салымшылары 200 миллион теңге шығынға батып, алданып қалған

«Асар Отау» тұрғын үй кооперативінің салымшылары 200 миллион теңге шығынға батып, алданып қалған

Алаяқтардың арбауына түскендер сол күйі баспана кілтін алмаған, – деп хабарлайды «КТК арнасы». Телеарнаның хабарлауынша, салымшылар  екі жылдан бері ақшасын қайтара алмай әуре-сарсаңға түсіп жүр. 64 адамнан толассыз шағым түскен соң, бұл іске полиция араласты. Тергеу материалына сүйенсек, басты күдікті салымшылардың 200 млн теңгесін жеке мақсатқа пайдаланып, уәдені орындамаған. «Асар отау» тұрғын үй кооперативінің төрайымы Айжан Сапирова пайшыларды сендіріп, алғашқы жарнаны жинаған. 1 млн 600 теңгесін санап бергендердің бірі – Айнұр Дәуіт. Ол құны 8 млн тұратын бір бөлмелі пәтерді алуға келісімшартқа отырған. Банктен несие алып, үй ақысының 15 пайызын құяды. Алматы қаласының тұрғыны Айнұр Дәуіт: «Үш айдың ішінде үйді ала аласыңдар деді. Бірақ үш айдың ішінде үй алмадық. «Қазір біз инвестиция тартып жатырмыз, инвестиция міне, болады. Шартты түрде келісім-шарт бар, кішкене күте тұрыңыздар», – деді. «Асар отау» кооперативіне сенген көпшіліктің айтуынша, компания бірден сенімге кіріпті. Құжаты Әділет министрлігінде тіркелген. Заңды мөрі бар. Тиісті соманы есепшотқа қолма-қол емес, екінші деңгейлі банк арқылы аударған. Алматыдан өзге Қаскелең, Шымкент, Атырау, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларында бөлімшелері жұмыс істеген. Тергеу барысында кооперативке 10 млн теңгеге дейін салғандар бар. Ал  кооператив төрайымы Айжан Сапирова жақында босанып, тергеуге үйінен келіп жүр. Оның үстінен аса ірі көлемде алаяқтықпен айналысты деген іс қозғалған. Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек: «Сезікті азаматша бірден полицияға жеткізіліп түсініктеме берген. Яғни сұрақ-жауап алу кезінде өз кінәсін толығымен мойындады. Қазір жәбірленушілердің саны 64 болып отыр. Барлығы ресми түрде шағым түсірді. Қазір қылмыстық іс бойынша сот экономикалық сараптама тағайындалды», – деді. Тергеу әлі де жалғасып жатыр. Істің соңына сот нүкте қояды.