Шошыған жан, бұзылған қан...

Шошыған жан, бұзылған қан...

Елімізде жаңадан АИТВ/ЖИТС жұқтырғанның көбі – жұмыссыз еркектер. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі айтып отыр. Атын естісе адам шошынатын дерт ХХІ ғасырда да адамзаттың басына әңгіртаяқ ойнатып жатыр. Төрткүл дүниедегі ең ақылды ғалымдар оны толық жеңудің «кілтін» таба алар емес. Таяуда медициналық журналдар ғылыми сенсация жариялады. Әлемде үшінші адам сол аурудан жазылып шықты. Алайда миллиондардың жылт етіп жанған үміт оты ізінше жалп етіп сөнді. Үміттің үзілгені жаман. Кейбір науқас агрессивті болып бара жатқан көрінеді. Жағдайын сұрай келген ақ халаттыларға айбат шегіп, вирусы бар шприцті қадауға тұра ұмтылады. Қырық миллион жанды жалмаған дерт Алдымен аз-кем статистика. Дүниежүзінде аталған аурудың емін зарыға күтіп, ғалымдарға қиыла қараған жан көп. АИТВ/ЖИТС бойынша БҰҰ біріккен бағдарламасының (UNAIDS) «АИТВ жөніндегі жаһандық ста­тистика» ақпараттық бюллете­нінде жазылғандай, күн сайын шамамен 16 мың жан адамның иммун тапшылығы вирусын (АИТВ немесе орысша ВИЧ) жұқтырады. Әлемде 2021 жылы АИТВ жұқтырған 38,4 млн (ауруын жа­сырғандарды немесе дертінен хабарсыздарды қосқанда, шама­мен 43,8 миллионнан астам) адам болды. Жұқтырылған иммун тап­шылығы синдромынан (ЖИТС немесе СПИД) бір жыл ішінде 650 000 (ауруын жасырғандар­ды немесе дертінен хабарсыз­дарды қосқанда, шамамен 860 000) адам өлген. Дүниежүзінде жұқтырған­дардың 15%-ы немесе 5,9 мил­лионы бойында вирус барын білмеген. Өткен ғасырда эпидемия бас­талғалы, 84,2 миллион (113 млн) адам сол вирусты жұқтырды. Со­дан бері 40,1 миллион (48,6 млн) адам жұқтырылған иммун тап­шылығы синдромы туындатқан аурулардан көз жұмды. Өкінішке қарай, 2021 жылы әлемдегі АИТВ жұқтырған 38,4 миллион (43,8 млн) адамның 1,7 миллионы (2,1 млн) 14 жасқа жет­пеген балалар болыпты. Жалпы, АИТВ дертіне душар болған­дар­дың көпшілігі, 54 пайызы – қыз балалар, әйелдер. Қазақстанда керісінше.

«Әрине, табиғи жағдайларда безгек масаларының шағуы ар­қылы берілетін плазмодиум (Plasmodium) тектес қарапайым қан паразиттері тудыратын инфек­циялық аурулардан, мысалы, безгек-маляриядан планетада жылына бір миллиондай адам қайтыс болады. Бірақ безгек «ескі» эпидемияларға жатады, онымен күресу жолдары анықтал­ған. ЖИТС эпидемиясы дамуын жалғастырып жатыр. Вирус му­тацияға ұшырап, одан өлім-жітім де жылдан-жылға өсіп барады», – дейді еліміздің ЖИТС орталы­ғының мамандары.
Қазақстандықтар неден сақтануы қажет? Денсаулық сақтау министр­лігінің дерегінше, Қазақстанда АИТВ-инфекциясымен өмір сүретін адамдардың саны – ша­мамен 30 854. 2022 жылдың со­ңындағы жағдай бойынша таралу көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда – 161,4 адамнан келеді. Бірақ бұл статистикаға АИТВ/ЖИТС-тен өлгендер, жасырын тексеріліп, аты-жөнін, тұрғы­лықты орнын көрсетпегендер, елде уақытша тұратын шетел азаматтары қосылмаған. Сал­дарынан, дертке ұшырағандар­дың нақты санын ешкім білмейді. Ведомство жұқтырғанын сезсе де, тестілеуден өтуден бой тасалап жүрген немесе ондай статусынан мүлдем бейхабар болып, ары қарай таратумен айналысатын адамдар болатынын жоққа шы­ғармайды. Ондайларды анықтауға ты­рысқан мемлекет түрлі шара қа­былдап жатыр. Мысалы, 2020 жылғы 12 қарашада Қазақстан Үкіметі №758 қаулыны қабылдап, елде жүрген шетелдіктерге тегін тестілеуден өтуге жағдай жасады. «Қазақстан азаматтарын, қан­дастарды, Қазақстан аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, босқындарды және пана іздеген адамдарды АИТВ инфекциясының профилак­ти­касы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін ме­дициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимді, құпия медициналық зерттеп-қарау және консультация беру қағидаларын» енгізді. Алайда бұл тексеру бәрібір міндетті емес, ерікті түрде жүр­гізіледі. Мигранттар, мысалы, мо­билизациядан қашқан ресей­ліктер бұл рәсімнен уақытша не тұрақты тұру ықтиярхатын алғанда бір рет қана міндетті түрде өтеді.
«Қазақстанда 2022 жылдың 10 айында АИТВ-инфек­ция­сының 3 358 жағдайы тіркел­ді. Соның ішінде 110-ы – шетел азамат­тары. Барлық жаңадан жұқ­тырғандар арасында еркек­тердің үлес салмағы басым: 66,9 пайызы ерлер. 2022 жылдың 10 айында тіркелген АИТВ жұқтыр­ған­дар­дың көбі – 30-39 жас ара­лы­ғын­дағылар: үлесі – 34,5%. Са­лыс­ты­ра кетсек, 2021 жылдың 10 айында олардың үлесі 36,4% бол­ған. 40-49 жастағылары – 29,6% (2021 жылғы 10 айда – 26,8%). 20-29 жас тобында­ғы­лардың үлесі – 16,5% (2021 жыл­ғы 10 айда – 17,8%)», – деп мә­­­­лім етті Ден­саулық сақтау ми­нистрлігі.
Яғни, жаман ауруды жұқ­тырғандардың басым көпшілігі отыздан асқанда ойнақтап, от басқандар. Бұл қазақстандық еркектердің жыныстық сауат­сыздығын немесе көпшілігінде қорғаныш құралдарын қолдану мәдениеті қалыптаспағанын көрсетсе керек. [caption id="attachment_242974" align="aligncenter" > © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Тағы бір тенденция тіркелді: атының өзі үрейлі ауруды негі­зінен сенделіп, бос жүргендер жұқтыратын көрінеді. ДСМ дерегінше, 2022 жылдың 10 айын­да анықталған АИТВ жұқтыр­ғандардың 50,3%-ы – жұмыс істемейтіндер болған. Бұдан бұ­рын, 2021 жылғы он айда жұмыс­сыздар үлесі – 52,3% болған. Жұмыс істейтіндердің үлесі – 38,9% (2021 жылдың он айын­да – 35,7%). Тергеудегілер және соттал­ғандар үлесі – 4%-ды құрайды (2021 жылғы ұқсас кезеңде – 6,1%). Алдамшы үміт шырағданы неге сөнді? Таяуда жаһандық медици­налық басылымдар вирусқа төзімді жасушалар енгізілгеннен кейін әлемде үшінші адамның АИТВ-дан айығып шыққанын жариялады. Алайда медициналық процедураның ауырлығы сонша, оны қазіргі күйде кең қолдану мүмкін болмайды екен. Nature Medicine журналының мәліметінше, үшінші жазылып шыққан пациент – Германияда тұратын 53 жасар ер адам. Он жыл бойы бақылаған дәрігерлер тобы оның айыққанына көз жеткізген соң, енді ғана зерттеу қорытын­дысын есеп тү­рінде жа­рия­лап отыр. Ма­ман­дандырылған басы­лымның ­тү­­сін­ді­руінше, ЖИТС жұқ­­тырған ГФР тұрғыны лей­кемиямен де ауырыпты. Содан оған басқа адамның мутация­ланған дің жасушалары (ство­ловые клетки) енгізілген. Nature Medicine (nature.com) хабарлауынша, 2013 жылы Дюс­сельдорф қаласында Бьорн-Эрик Йенсен жетекшілік еткен зерт­теуші дәрігерлер командасы жұқ­тырылған иммун тапшылығының синдромы және лейкемиямен қатар ауыратын науқастың сүйек кемігін (костный мозг) алып тастап, орнына денесінде белгілі бір мутациялар жүрген басқа адамның сүйек кемігін салған. Мутация әсерінен жасуша-клет­калардың беткі қабатында CCR5 ақуызы қалыптаспайтын болған. Бұл АИТВ-инфекциясының жа­сушаға енуіне тосқауыл: өйт­кені вирус жасушаны «жаулап» алу үшін аталған ақуызды пайда­ланады. Тиісінше, CCR5 жоқ бол­ғандықтан, сүйек кемігінің және қанның жасушалары вирус­тан арылады. ЖИТС-пен ауыратындар үнемі антиретровирус терапия­сынан өтеді. Германиялық науқас сүйек кемігіне мутацияланған дің жасушалары енгізілген соң 5 жыл бойы сол терапиядан өтіп тұрған. Nature медициналық журна­лы­ның түсіндіруінше, антиретро­вирус терапиясы адам қанындағы вирустың шоғырлануын барынша азайтады, нәтижесінде вирус де­текцияланбайды, яғни зерттеу­лер кезінде анықталмайды. Бірақ егер науқас препараттарын қа­был­дауды тоқтатса, онда вирус қайта бас көтеріп, көбейе бастай­ды және өзгелерге жұғады. Ин­фекция терапияның тоқтатылуын күтіп, адам ағзасындағы дәріге төзімді «резервуарлар» ішінде тығылып жатады. Аты-жөні жария етілмеген, тек «дюссельдорфтық пациент» аталған ер адам бертінде, 2018 жылдан бері терапияны тоқ­тат­қан. Бірақ дерті бойын меңде­мепті. Әрине, зерттеулер бары­сында оның қанынан АИТВ-ға реакция білдірген иммундық жасушалар оқтын-оқтын табы­лып тұрған. Ғалымдар мұны оның ағзасында резервуарлардың іші­нара сақталып қалғанына жо­рыпты. Сондықтан науқастың иммундық клеткаларын бөліп алып, оларды зертханалық тыш­қандарға екті: кеміргіштердің бойында вирус қанат жаймаған. Осыған қарап, ғалымдар вирусты «күшін жоғалтты» деп таныды. Бірақ ғалымдар бұл тәсілдің барлық сырқаттарға жарамай­тынын ескертті. Ол әдіс тек лей­кемиямен ауыратын адамдарға сыналды. Сонымен бірге сүйек кемігін ауыстыру операциясы аса қауіпті: бөгде адамның мутация­ланған жасушалары жақпауы, ағзаны құртып тынуы ықтимал. 2019 жылы ұқсас процедура нәтижесінде ЖИТС-тен жазылды деп есептелетін Лондон тұрғыны Адам Кастильехоны бақылаған топтың басшысы, Кембридж университетінің микробиологы Равиндра Гупта кейбір жағдай­ларда вирус науқастың бойында мутацияланып, оның жасуша­ларына кірудің ақуыздан басқа да жолдарын табатынына назар аудартты. Ол сондай-ақ қатерлі ісікпен ауыратын адамдар қабыл­даған химиотерапияның АИТВ-ны жоюға, инфекцияланған клет­калардың бөлінуін тоқтатуға көмектескен-көмектеспегені бел­гісіз қалғанын ескертті. Ғалымдар сүйек кемігін ал­мастыру тәсілі лейкемиямен ауырмайтын науқастар арасында кең таралатынына шүбәланады: бұл процедура адамның түбіне жетуі ықтимал. Ендеше ЖИТС-пен ауыратындар ерте өліп кетуі мүмкін екенін түсініп, басын бәске тіккенше, өмірін ұзартатын антиретровирус терапиясын ары қарай жалғастыруды таңдауы ғажап емес. Сол себепті әлемде ғалымдардың бірнеше тобы зерт­теу бағыттарын өзгертті: олар сырқаттың төл жасушасынан CCR5Δ32/Δ32 мутациясын алу жолдарын қарастыруда. Оған қол жеткізсе, донорлық клеткаларға деген қажеттілік болмас еді. Ақ халаттылар неге жылайды? Әзірге АИТВ/ЖИТС сол бая­ғыдай, толық арылуға келмейтін, тек уақытша басуға болатын дерт күйінде қалды. Бұл науқастардың ашынуына, қоғамға өшігуіне соқтырып та жатады. ЖИТС орталығының маманы Гүлжан (фамилиясын атамауды жөн көрді) аталған вирусты жұқ­тырғандардың кейбіріне қа­раудың өзі азап екенін жасыр­мады: өңі үсік ұрған күзгі жапы­рақтай қатып-семіп қалған. Сырқат түгіл, оларды емдей­тін, бақылайтын дәрігерлерге, медициналық персоналға қиын. Негізі, Денсаулық сақтау минис­трінің 2017 жылғы №720 бұй­рығымен, облыс орталықтарында ЖИТС-пен күресті жүргізетін және алдын алу шараларымен айналысатын медициналық қыз­меткерлер лауазымдық айлық­ақының 60% мөлшерінде үсте­меақы алатын лауазымдар тізімі­не қосылды.
«Бұл негізі ауыз толтырып айтатын сома емес. Мұның сыр­тында кәсіби міндеттерімізді ат­қару кезінде ВИЧ-инфекция жұқ­тыру қатері жоғары. Қаншама медициналық қызметкер жұқ­тырып та алды. Мамандар вирус­ты зертханаларда зерттейді, ин­фекциялық ауру ошағына барады. Адамдарға ВИЧ-позитивті ста­тусы барын хабарлау да психоло­гиялық тұрғыдан аса ауыр. Мұ­ның сыртында біз оларға кризис­тік консультация беруіміз қажет. Суыт хабарды әркім әрқалай қабылдайды. Сенбейді, жылайды, айғайлайды. Бірақ бұл бәрібір төбесінен жай түскендей әсер етеді», – деді Гүлжан.
Орталық мамандарына сыр­қатты өмір бойы әрі үздіксіз, антиретровирус терапиясын қа­былдауға дайындау жүктелген. Бұдан бөлек, сыр тартып, тілде­сіп, ол адамның тағы кімдермен жақын байланыста болғанын анықтауға міндетті. Нәтижелерге тұрақты мониторинг жүргізу деген – ол да бар. Яғни, индекстік тестілеуді жүргізуі, контактіде болғандардың жұқтыру тәуекелі дәрежесін анықтап тұруы, эмо­ционалды тұрақсыз, дискор­дант­ты жұптарды достық кабинет­теріне бағыттауы керек. Мамандар халықтың белгілі бір топтары арасында, контин­генттерде эпидемияның таралуын бақылап отырады. Соның аясын­да инъекциялық есірткіні тұ­тынатын нашақорларды, жез­өкшелікпен айналысатындарды, гомосексуалдарды және транс­гендерді, АИТВ-инфекциясын жұқтырғандарды аралау да со­ларға жүктеліпті.
«Бұлардың бәрінің арасында стационарлы немесе жылжымалы Сенім пункттері арқылы профи­лактикалық бағдарлама шара­ларын жүзеге асырамыз. Сенім пункттері арқылы немесе аралау барысында шприц, мүшеқап, сауаттандыру материалдарын тегін таратамыз. Контингенттен міндетті түрде экспресс әдіспен АИТВ-инфекцияға диагностика жүргізуіміз керек. Олардан пай­даланылған шприцтерін жинап алуға тиіспіз. Бұл науқастар кө­біне өмірден түңілген, қит етсе, долданып, агрессия танытады. Үйлерді аралағанда қабаған итті шынжырынан босатып, айтақтап жатады. Абайламасаң, қолданыл­ған шприцті ұсынып тұрып, соз­ған қолыңа қадай салуы мүмкін. ЖИТС орталықтарының ма­мандары психологиялық, эмо­цио­налды тұрғыдан ауыр жағ­дайда жүр. Кейде бордай егіліп, жылап аламыз», – деді орталық маманы.
Медицина қызметкерінің кө­зінше қолын тілетін суицидшілер кездесетін көрінеді. Қынжылтатыны сол, Қазақ­стан солтүстік көршінің ақпа­раттық айдынына батып кетті, ал Ресей әлемдік астыртын ымы­раласу теорияларын кең уағыз­дауда, оны тіпті Қазақстанға ер­кін таралатын ресейлік феде­ралдық телеарналардан көрсетеді. Кесірлі теорияны жақтаушылар АИТВ/ЖИТС вирусының бары­на сенбейді, оны Америка ойдан шығарған деп есептейді екен. Салдарынан, маманның мәліме­тінше, сол теорияға сеніп, әлемге өшіккен бірқатар науқас өшін орталық мамандарынан алуға, соларға қасақана жұқтыруға ты­рысады, пышақ, басқа өткір, ауыр заттарды сілтейді. Атыс қаруынан оқ жаудырған оқиға да болыпты. Бұларды мамандар «диссидент» атайды екен. Бұл жерде комиссиялық са­парлар кезінде түрлі есептік де­ректерді жинау үшін ЖИТС орта­лықтарының әкімшілік қызмет­керлері де, волонтерлар да үйлерді аралауға қоса аттанатын болып шықты. Яғни олар да басын бәй­геге тігіп, ұстараның жүзімен жүреді. Еріктілерге ешқандай ақы төленбейді, ал орталықтардағы медициналық емес қызмет­кер­лердің еңбекақысы соңғы 7 жыл­да елеулі өспепті. Ғасыр індетінің емі табыл­маған соң, вирус жұқтырғандар­дың өмірін өкініш пен қасірет торлап, өмірден баз кешуі, шадыр науқастардың сала мамандарына қарсы агрессиясы өрши түсуі ықтимал деген алаңдаушылық бар. Бәлкім, әлемдегі ондаған мил­лион сырқаттардың үміт еткен, тіршілік дәметкен тілегі орындалып, ғалымдар ЖИТС-ті жоятын тәсілді табатын шығар.