Ұшқыш, маршал, бірнеше соғыстың ардагері, саясаткер. 30 жылдай Мысырды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған әйгілі Хосни Мүбарак дүние салды. Өзі Фидель Кастро секілді бір дәуірдің белгісі еді. Израильмен айқасты, кейін достасты, әсіре діншілдермен шайқасты, ағайыны арабтармен арасы бірде суып, бірде түзеліп отырды. АҚШ-тың одақтасы атанды. Қысқасы, қолынан келгенше елін биледі. Бірақ халық көтерілгенде биліктен тайдырылды. 1928 жылы туған Мұхаммед Хосни Сейид Мүбарак алғашқы білімін ауылында алды. Кейінгі өмірін әскери саламен тығыз байланыстырды. 1949 жылы әскери академияны лейтенант шенінде тамамдады. Бірнеше жыл әскери әуе күштерінде нұсқаушы болып істеді. 1956 жылы Суэц каналы үшін болған соғысқа қатысты. Болысып, толыса бастаған шағында білімін КСРО-да жетілдірді. Алдымен Фрунзе әскери әуе училищесінде реактивті ұшақтарды басқаруды меңгерсе, 1964-1965 жылдары осы оқу орнында әуе қолбасшылығын оқыды. Алған білімін 1967 жылы араб-израиль соғысында қолданды, бірақ Мысыр әуе күштері осы қақтығыста ойсырай жеңілді. 1969 жылы ел президенті Гамал Абдел Насер Хосни Мүбаракты Мысыр қарулы күштері штабының басшысы етіп тағайындады. Бұл ауылдан шыққан балаға 20 жылда жеткен ірі жетістік еді. Осы қызметте жүріп, Израильмен талай соғыста талай әскерді басқарды, жеңіс те, жеңіліс те болды. 1975 жылы Мүбарак саяси өмірге араласа бастады. Себебі Әнуар Садат оны елдің вице-президенті етіп тағайындады. Ал 1981 жылы Ұлттық-демократиялық партияның бас хатшысы болып сайланды. Яғни, Х.Мүбарак 1970 жылдың ортасынан бастап Мысырды басқаруға саяси тұрғыда дайындалды деуге болар. Мысыр – саяси тұрғыда өте күрделі мемлекет. ХХ ғасыр бойы билік үшін әскерилер мен діни радикалдар күресіп өтті. Бұл арпалыс әлі де жалғасып келеді. Діни радикалдар дегеніміз – «Мұсылман бауырлар» атты террористік топ. Міне, осы әсіре діншілдер 1981 жылы Мысыр президенті Әнуар Садатты әскери парад кезінде атып өлтіреді. Оның жанында тұрған вице-президент Мүбарак қолынан жараланады. Ел басшысынан айырылған соң билік марқұмның орынбасарына көшеді. Осылайша, әскери ұшқыш ретінде талай соғысты бастан кешірген Хосни Мүбарак Мысыр президенті атанды. Сол кезде ешкім де оны 30 жыл ел билейді, өзі қарсы күрескен Израильмен тіл табысады деп болжаған жоқ еді. Жаңа президент ішкі саясатта кейде қатаң шаралар қабылдаса, кейде кеңдік танытты. Мәселен, ол бірден елде төтенше жағдай жариялады. Бұл жағдай кейін 2012 жылға дейін созылды. Президент Мүбарак үзеңгілес серігі Садатты өлтіргендерді кешірмеді. Оларды өлім жазасына кесті. Біраз радикалды ұйымдардың көзін жойды. Алайда халықтың қолдауына ие болғысы келді ме, түрмеде отырған жүздеген оппозиция өкілдері босатылды. Садаттың серіктерін биліктен тазалады. Мүбарактың өзгелерден бір артықшылығы – ол өз командасына тиімді жақтастарын жинай білген деседі. Ішкі саясатта ол бірнеше бағытты ұстанды. Соның бірі – армиядағы жоғары шенді әскерилердің ротациясын жиі жүргізді. Себебі қайсыбірінің ықпалы тым артып кетсе, оны өз билігіне қауіп деп қарастырды. Бұдан бөлек, діни радикализм және экстремизммен күресті жалғастырды. Ол Мысырдың исламдануына бөгет болуға тырысты. Ал 1967 жылы араб елдері Израильмен соғыста жеңілген соң Таяу Шығыста исламның саясилану тенденциясы қарқын ала бастады. Себебі мысырлықтар зайырлы ұлтшылдықтың мүмкіндігі шектеулі екенін көріп, мешіттен қолдау табуға тырысты. Жалпы, Хосни Мүбарактың өміріне алты рет шабуыл жасалса да, ол әсіре діншілдермен бірде тіл табысты, бірде қатаң жазалады. Яғни, ішкі саясатта тепе-теңдікті сақтауға тырысты. Бірақ автократиялық режимнен 30 жыл бойы бас тартқан жоқ. «Мысырдың соңғы перғауыны» сыртқы саясатта үлкен жетістіктерге жеткен тұлға деп айтуға толық негіз бар. Суэц каналына иелік етіп, Азия мен Африканың түйіскен жерінде орналасқан соң бұл елге жасалатын қысым жоғары еді. Сол үшін көпвекторлы бағытты ұстанды. Олай істемеске амалы да жоқ еді. Ол Таяу Шығыстағы жанжалдарға араласпай, қайта оларға бітімгерлік жасап, Мысырдың аймақтағы ықпалын арттыруға тырысты. Егер бұл өңірде Иран, Ирак, Сауд Арабиясы секілді мемлекеттер бар екенін білсек, бұл өте күрделі мәселе еді. Хосни Мүбарак билікке келісімен сыртқы саясатта өз елінің мүддесін қорғау үшін 1980-1988 жылдары болған Иран-Ирак соғысында Бағдадты қолдады. Бұл елге қару-жарақ жеткізіп тұрды. Өйткені бұл соғыста Иран жеңсе, шиизмнің ықпалы артып кетуі мүмкін еді. Оның бұл ұстанымы бірнеше араб монархтарының пікірімен сай келді. Алайда бұл соғыс аяқтала бастағанда Хосни Мүбарак пен Саддам Хусейн арасы суып кетті. Себебі Ирактың күшейіп келе жатқанын көпшілігі білді, сезді. Ал Ирак 1990 жылы Кувейтті басып алғанда ол Саддамның бұл агрессивті саясатын сынға алды. Кейін екі тарапты татуластыру үшін бірнеше сапар шекті. Бірақ Саддам Хусейн сөзінде тұрмаған соң БҰҰ әскері Иракқа кіруін амалсыз қолдады. Жалпы, Таяу Шығыстағы қақтығыстар, ондағы Мысырдың араағайындық рөлінен Мүбарактың саяси ықпалы да, абыройы да артты. Әлемдегі әрбір мемлекет үшін сыртқы саясатта АҚШ-пен қандай қатынаста болу қажет деген басты сұрақ туады. Әдетте, бұл мемлекетпен араны суытпаған абзал. Мүбарак тұсындағы Каир да осылай етті. Қос ел де бір-біріне қажет екенін түсінді. АҚШ Мысырды өз мақсатына қолдануға тырысқанымен, Хосни Мүбарак Вашингтонның аймақтағы қолшоқпарына айналғысы келмеді. Мәселен, Американың Ауғанстанға шабуылын қолдаса, Ирак пен Ливияға қарсы бағытталған интервенциясына қарсы шықты. Себебі өз ағайындары арабтардың өткір сынына ұшыраудан сескенді. Алайда Мысыр армиясының америкалық қару-жараққа тәуелділігі көп жағдайда АҚШ-тың шарттарына көнуге мәжбүр етті. Соның бірі – Израильмен қарым-қатынасын түзеу еді. Әрине, бұл саясаты үшін араб ағайыны Мысырды да, Мүбаракты да кешірмеді. Алайда уақыт кейде ауыр жараны да жазады екен. 1989 жылы ол елін Араб елдерінің лигасына қайта мүше етіп кіргізеді. Алайда Хосни Мүбарактың осыншама жетістіктеріне қарамай, ел экономикасы тоқырады. Автократиялық режим өзгермеді. Мүбарактың өзі бірнеше рет қатарынан референдум арқылы билігін ұзартты. 30 жыл бойы осы жағдайға шыдап келген Мысыр халқы 2011 жылы Каирдегі Тахрир алаңына жиналып, оның биліктен кетуін талап етті. Ол үкіметті отставкаға жіберіп, вице-президент қызметін қалпына келтіріп, саяси қадамдар жасағанымен, халық оған көнбеді. Ақыры, президенттік «тақты» тастап кетті. Нұрмұхамед БАЙҒАРА