ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ бас сарапшысы Әлішер Тастенов енді Мәжілісте көтерілген әрбір мәселе қызу талқыға түседі деген пікірімен бөлісті.
– Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары сайлауы саяси жүйені түпкілікті қайта жаңғыртып, мемлекеттік басқарудың жаңа формасын қалыптастырады. «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы іс жүзінде жүзеге асты. Сапалы жаңа шарттар – өткен сайлаудың айрықша белгісі. Мысалы, аралас сайлау жүйесі бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлау тепе-тең арақатынаста өтеді. Бұл ретте аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда қазақстандықтар тек бір мандатты округтердегі кандидаттарға дауыс берді. Шынын айтқанда, сайлау өте тартысты өтті. Телеарналар мен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. Нәтижесінде, Парламент депутаттығына 6 партияның өкілі сайланды. Ұмытпасақ, әр партияның көтерген мәселелері бар. Ендігі жерде Мәжіліске келіп түсетін азаматтардың сұраныс ауқымы кеңейе түседі. Ал оны партияаралық депутаттардың өзара талқылауы қызу пікірталас тудыратыны мәлім. Кең партиялық өріс – бұл пікірлердің плюрализмі. Сондықтан Мәжілісте көтерілген әрбір мәселе толыққанды шешемін табады деп ойлаймын, – дейді ол.