Павлодар облысында үш күн бұрын жоғалып кеткен жігіттің денесі табылды

Үш күннен бері іздестіріліп жатқан жігіттің автокөлігі судан шығарылды.

Павлодар облысы Ақтоғай ауданында жоғалып кеткен жігіттің денесі табылды, – деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.

Үш күннен бері іздестіріліп жатқан жігіттің автокөлігі судан шығарылды.

«Өкінішке қарай, жаңа ғана Естай Солтанбет Болатұлының денесі мен автокөлігі судан шығарылды. Отбасы мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз», – деді «Vita» іздестіру еріктілер жасағы. 

Естеріңізге сала кетейік, Естай Солтанбет Болатұлы 1994 жылы 20 қыркүйекте дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, 23 сәуірде қою жасыл түсті «Нива» көлігімен балық аулап жүрген таныстарына шатыр жеткізіп беру үшін жолға шыққан. Содан бері жоғалған азамат туралы хабар болмаған. 

Ер адамды іздеуге шыққан 70 адам жаяу және мотоциклмен Ертіс ауданына дейін аумақты, барлық шұңқырды қараған. Кеше Талинка өзеніне қарай апаратын аумақта іздер табылған және айналасындағы бұтақтар сынып қалған. Бүгін іздеуге қайықпен сүңгуірлер шыққан болатын.