Пакетті парашют қылып 5-қабаттан секірген бала аман қалды

Жетісу облысында сегіз жасар бала бесінші қабаттың терезесінен құлап, аман қалды. Ол үйде ешкім жоқ кезде полиэтилен пакетін парашют қылып секірген.

Оқиға 25 сәуір күні сағат 12:20 шамасында Текелі қаласында орын алды. Үйде үлкендердің қарауынсыз қалған 2015 жылы туған жеткіншек бесінші қабаттың терезесінен полиэтилен пакетін парашют секілді пайдаланып секірген. Қазіргі уақытта баланың жағдайы тұрақты. Ол Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жатқызылды.

«Белгілі болғандай, бала ағашқа құлаған. Аман қалуына ағаштың да септігі тиген деп ойлаймыз. Жетісу облысы ТЖД азаматтардан балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмауға, сондай-ақ балаларды терезені ашудан арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуға шақырады», – делінген Жетісу облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарламасында.