Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларын ұлықтауға арналған іс-шара бүгін, міне Алаш арыстарының құрметіне арналып отыр.
«Ұрпақ аманаты» тақырыбында тарихи тұлғалар өмірі мен еңбектері туралы қоғамдық дәріс өтті
1,571
оқылды

Бүгін «АМАNAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығы және Мағжан Жұмабаев пен Сұлтанмахмұт  Торайғыровтың 130 жылдығына орай Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының қатысуымен студент жастарға "Ұрпақ аманаты" тақыбырында  тарихи тұлғалардың өмірі мен еңбектері жайлы қоғамдық дәріс өтті.

Тағылымды шараға облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі А.Оңғарбаев және қалалық мәслихаттағы фракция мүшелері  А.Мұсабаева, М.Бисенова, сонымен қатар университеттің профессор-оқытушылары, студент жастар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Алғаш сөз алған облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының жетекшісі А.Оңғарбаев шараның маңыздылығына тоқталып, партиялық жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстар және Алаш ардақтылары туралы деректер мен мұралары туралы сөз етті.

«AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы 2020 жылы бастау алған болатын. Мақсаты – мәдениетімізді қалыптастыру, ұлттық тәрбиені арттыру. Бүгінгі күні елімізде жоба  аясында 5 мыңға жуық тарлан тарихымызды, тұғырлы тұлғаларымызды, мәдениетіміз бен руханиятымызды насихаттауға бағытталған тағылымды шаралар өтті.

Ұлтымыздың көрнекті тұлғаларын ұлықтауға арналған іс-шара бүгін, міне Алаш арыстарының құрметіне арналып отыр. Алаш ардақтыларының негізгі идеясы –  қазақ елінің тәуелсіздігіне қол жеткізу. Бүгінгі еліміздің ұстанып отырған негізгі ұстанымы да осы бабалар арманы, аталар ерлігімен келген тәуелсіздігімізді сақтап қалу, оны кейінгі ұрпаққа аманаттау», –  деді Аманжол Оңғарбаев.

Қоғамдық дәріс барысында ғалымдар тарапынан  М.Жұмабаевтың әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі,  М.Көпейұлы еңбектерінің тарихи деректерінің маңызы, С.Торайғыров шығармалары, Ш.Құдайбердіұлынан қалған мұралар тарихы туралы баяндамалар жасалып, тың деректер айтылды.

Іс-шара барысында қатысушылар өзара пікір алмасып, ұлттық тәрбиені арттыру мақсатында тарихи тұлғаларымыздың тағылымын, төл мәдениетіміз бен тарихымызды насихаттауға бағытталған осындай дәрістер кейінгі буынға қажет екенін алға тартып, оларды белсенді болуға шақырды.