Қою түтін, жағымсыз иіс: Қазгидромет Астанада ауа сапасы неге бұзылғанын түсіндірді

Бүгін, 29 сәуір күні әлеуметтік желілерде Астанада ауа сапасы бұзылып, қаланы түтін тұмшалағаны туралы шағымдар жарияланды. Ауа сапасының индексі кей жерлерде 278-ге жеткен. Осыған орай «Қазгидромет» РМК мамандары түсінік берді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кәсіпорын таратқан ақпарат бойынша,  26-28 сәуір аралығында Астана қаласында жауын-шашын жаумаған, сол аралықта күндізгі ауа температурасы жоғары болған.

«29 сәуірге қараған түні солтүстік теңізден суық антициклон араласып, жылы ауа массалары суыққа ауысты, түнгі уақытта үп еткен жел тұрмады, ал бұл атмосфераның бұлыңғырлануына әкелді»,  деп түсіндірді Қазгидромет.

28 сәуір күні сағат 21.00-ден 29 сәуір сағат 21.00-ге дейін ауыспалы бұлт, таңертең және түстен кейін жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды.

Солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні күндіз 15-18 м/с жетеді.

Түнде ауа температурасы + 7-9, күндіз  +18-20 градус жылы болады.

«Метеорологиялық жағдай қала атмосферасында ластаушы заттардың ыдырап, тарқап кетуіне ықпал етеді» деген метеорологтер алаңдауға негіз жоқ екенін жеткізді.