«Өмір сүргім келмейді...» – Шахтинск тұрғыны 5-қабаттан секірмек болды

Шахтинск қаласының тұрғыны көпқабатты үйдің 5-қабатынан секірмек болған.

Полицейлер оқиға орнына шұғыл жетіп, тұрғынды құтқарып қалды. Оқиға туралы Aikyn.kz сайты Polisia.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды. 

1 мамыр күні сағат 14.00 шамасында Қарағанды облысы Шахтинск қалалық полиция бөліміне суицидке оқталған тұрғын туралы хабарлама түсті. 

Тез арада оқиға орнына патрульдік полиция взводының инспекторлары Дулат Сейтахметов пен Ерназ Өскенбай жетті. 

«Әріптесім екеуміз 5-қабаттың терезесінде отырып, «өмір сүргім келмейді» деп айқайлаған азаматшаны көрдік. Терезенің жақтауы өте қысқа екен. Сондықтан Дулат сыртта қалып, құлап кеткен жағдайда қауіптің алдын алуға дайындалып тұрды. Ал мен сатымен ішке көтеріліп, тұрғынды әңгімеге тарттым. Оған бәрі жақсы болатынын, эмоцияға берілмеу керектігін барынша түсіндірдім. Терезенің жақтауы азаматшаға жақындауға қиындық тудырды. Бір кезде қолын созуға көндіріп, кейін бірден шап беріп ұстап, ішке тартып алдым», – деді Ерназ Өскенбай. 

Әйел күйеуімен ұрысып қалған соң секіруге оқталған. Полицейлер құтқарған әйелге психолог дәрігерлер кеңес береді.