Қаһарман ұлдың атағы қашан қайтарылады?
Қалиевтер отбасының ортаншы ұлы Біләлдің ерлігі аңызға бергісіз. Ол 1917 жылы Каспий жағалауында дүниеге келген. Сол кездегі Красноводскі қаласында (Қазіргі Түрікменстанның Түрікменбашы қаласы) орта мектепті бітіріп, кейін алты айлық статисттер курсын аяқтайды. Бір жылдай «Ягман» көмір кенішінде жұмыс істей жүріп, ұшқыштар даярлау мектебінде білім алады. 1939 жылы әскер қатарына шақырылып, Черниговте ұшқыштар училищесін бітіргеннен кейін Запорожье қаласында әскери қызмет етеді. Соғысқа сол жерден аттанады.
Ұлы Отан соғысы Қызыл Армия үшін барынша қолайсыз шақта басталғаны жасырын емес. 1941 жылдың 10 шілдесіне дейін неміс әскерлері Литва, Латвия, Белоруссияны түгелдей, Украина аймағының біразын басып алды. КСРО жерінің солтүстік-батыс өңіріне 500 шақырым, батысына 600 шақырым, оңтүстік-батысына 350 шақырым бойлай кіреді. Осы тұста 22 шілде күні немістердің «Геринг қырандары» деп аталған ұшқыштары ұшып келіп, Мәскеуді бомбылай бастайды. Әскердің рухын көтеріп, жауынгерлердің жігерін жану үшін кеңестік әскери әуе күштерінің алдына Берлинді бомбалау жоспары қойылады. Алайда екі ара тым алыс еді. Үлкен есептеулер мен тыңғылықты зерттеулер арқасында ДБ-3 (дальний бомбардировщик) деп аталатын ИП-4 ұшақтары Балтық теңізіндегі Сааремаа аралының әуежайынан ұшқанда ғана Берлинге барып қайтуға шамасы жететіні белгілі болады. Шындығын айтқанда, мұндай көзсіз ерлікке бару оңай емес еді. Сталиннің тікелей бұйрығымен қолға алынған бұл істе кеңестік ұшқыштардың ішінен ең мықты дегендері іріктеліп алынған. Солардың қатарында ұшқыш Удовиченко мен Павел Иоффе және Біләл Қалиев үшеуінен тұратын экипаж бар болатын.
1941 жылы 8 тамыз күні Балтық теңізінің Сааремаа аралынан алысқа ұшатын ДБ-3 бомбалаушы ұшақтары түн жамылып, Берлинді бетке алады. Балтық флотының 1-ші авиаполкінің командирі Е.Преображенскийдің әуе қырандары еш кедергісіз ойламаған жерден Берлин аспанында еркін самғап неміс астанасын аяусыз бомбылайды. Сонымен қатар 16 тамыз күні бұл сапар қайталанады. Балтық майданы Әскери кеңесінің Берлинге жасалған екінші әуе шабуылы жөніндегі баяндауында мынандай жолдар бар: «16 тамыз. 00 сағат 50 минуттан 02 сағат 40 минутқа дейін Берлинді бомбылау жөніндегі тапсырманы орындау...
4 ұшақтан оның маңындағы Штеттин, Нейбранденбург қалаларына 5-ФАБ-250 (Фугас әуе бомбасы), 56-ФАБ-100 және 62-ЗАБ-50, ЗПБ-600 (өртегіш бомбалар) тасталды».
Міне, осы ақпарат «Совинформбюроның» әуе толқындары арқылы хабарланғанда еңсесі езілген елдің жігері жанып, сенім ұшқынын лаулатады.
Осындай жауапты да аса қауіпті тапсырманы орындауда асқан ерлік пен кәсіби шеберліктің жоғары үлгісін көрсеткен ұшқыштарға «Кеңес Одағының Батыры» атақтары беріледі. Солардың қатарында Біләл Қалиев те болған. Бірақ осы ұшқыштар келесі бір тапсырманы орындау кезінде қайтып оралмады. 1942 жылы жау нысаналарын бомбалап қайтып келе жатқан екі ауыр ұшаққа «мессершмиттер» лап қояды. Күш тең емес еді. Мұны Хворостянка селосының тұрғындары анық көреді. Қызыл әскердің екі ұшағы да от-жалынға оранады.
– Әкем Әбіл-қан майданды көрген ардагер. Ол соғыстан оралған соң, соңғы күніне дейін Біләл бауырын іздеумен болды. Сол кісінің айтуымен барлық мұрағаттарға сұрау салып, алғашында құжаттарды там-тұмдап ғана жинай алдық. Барлық жерден «Әскери тапсырманы орындау кезінде қайтып оралмады» деген жауаптар алдық. Яғни, із-түссіз жоғалғандардың санатында болған.
Біләл ағам 1941 жылы кезекті бір тапсырманы орындап жүргенде жарақат алып, оны үйіне қысқамерзімді демалысқа жібереді. Қан қасаптың енді басталып, әскер күші жетпей жатқан кезінде жауынгерлерді демалысқа жіберу өте сирек кездесетіні белгілі. Мұндай құрмет ерлігімен көзге түскен батырларға ғана жасалса керек. Сол келгенінде ағам Сталиннің өзі сыйға тартқан орысша айтқанда «именной» сағатын тағып келеді. Сөйтіп, оны қарындасы Аққазға сыйлап кеткен екен. Сталин сол кезде кез-келген солдатқа мұндай тарту жасай бермейтіні анық. 1942 жылы үйіне ағам туралы «қара қағаз» келеді. Содан бастап ол туралы ешқандай дерек табылмады. Сөйтіп жүргенде Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында, яғни 1985 жылы Ресейдің Хворостянка селосының тұрғындары қызылізшілерге 1942 жылы 14 шілдеде осы жерге Кеңес ұшақтарының құлағанын айтады. Қызылізшілер орманға, балшыққа құлаған ұшақтарды да, ұшқыштардың мәйітін де табады. Сонымен бірге олар ұшқыштардың кім екенін, қандай әскери бөлімде болғанын және олардың Берлинді алғаш бомбалағанын анықтайды. Хворостянка селосының маңында құлаған ұшақта Павел Иоффе, Иван Удовиченко мен Біләл Қалиевтің болғанын олардың мойындарындағы капсул-медальондағы мәліметтер дәлелдейді. Олардың Балтық теңізінің Е.Преображенский басқарған 1-авиаполктің құрамында 1941 жылы тамыз айында Берлинді бомбалағаны да белгілі болады, – дейді Әбіл Қалиевтің немере інісі Болат Әбілұлы.
Ұшқыштардың денесі табылғаннан кейін қызылізшілер Біләл әскерге алынған Түрікменстанның Красноводск маңындағы Уфра кентіне хабар жіберген екен. Онда «ұшқыш Біләл Қалиев – Совет Одағының Батыры» деп көрсетіліпті. Оны өз көзімен оқығандар болған. Бірақ ол құжаттар бүгінге дейін сақталмаған. Батырдың туған-туыстарын да ұзақ уақыт іздестіреді. Бірақ ешқандай хабар болмайды. Оның өзіндік себебі де бар. Қалиевтер отбасы ол кезде Шу мен Мойынқұм аудандарына көшіп кеткен. Содан Біләл Қалиевтің денесі табылғандығы туралы ақпараттан жақындары мүлде хабарсыз болады.
– Әкем Әбіл өзінің батыр інісін көзі жұмылғанша жоқтаған жаны жаралы адам еді. Талмай іздегенімен, еш дерегін біле алмай жүргенде 1989 жылы ол Уфрадағы Біләл ағам оқыған №3 орта мектептің мұғалімі Нина Дәулетовадан қуанышты хат алады. Осы хаттың ізімен ол бізді қасына ертіп, інісінің жерленген жері Липецк облысының Хворостянка селосындағы «Бауырластар» зиратына барып, бауырының рухына тағзым жасады. Сол жерге Әулиеатадан алып келген туған жер топырағын төгіп, құран оқыды. Алайда басына бөлек құлпытас орнатуға рұқсат берілмеді. Бұдан кейін әкем інісінің Кеңес Одағы Батыры атағын қалпына келтіру ісіне кірісті. Бірақ ол ісін аяқтай алмай, 1995 жылы дүниеден озды. Анам да көзі жұмылған әкемнің бауырының жоғын түгендеумен айналысты. Енді бұл міндет артында қалған бізге жүктеліп отыр, – дейді Болат Қалиев.
Кейбір деректерде кезекті тапсырмадан оралмаған ұшқыштарды немістердің қолына түсті деп күдіктенген Кремль олардың барлығынан Кеңес Одағының Батыры атағын қайтарып алған деседі. Қалиевтер отбасы сол себепті батыр аталарының ерлігін дәлелдей алмай жүрген секілді.
– Түрікменстандағы Біләл ағам оқыған орта мектеп пен көшеге ол кісінің есімі берілді. Жаңаөзен қаласы мен Байзақ ауданының Қызыл жұлдыз ауылында оның атында көшелер бар. Енді батыр ағамыздың Кеңес Одағының Батыры атағы қайтарылса деген тілегіміз бар. Сол күнге Аллам жеткізсе игі, – дейді Болат Әбілұлы.
Иә, қазір Қалиевтер отбасы осы бағытта жұмыс істеуде. Алайда ресейлік архивтерден ақиқатты аршып алу қиынға соғуда.
«Шындық әрқашанда жеңеді, бірақ кешігіп жүреді», – дейді Батыр Бауыржан Момышұлы. Бәлкім, бұл іске еліміздің Сыртқы істер министрлігі араласса, бір шешімі табылып қалар. Сосын Біләл Қалиевтің ерлігіне сай «Халық Қаһарманы» атағы да берілетін күн туар.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы