Іздеуге жарияланған Алматы облысының тұрғыны Қырғызстанда ұсталды

Оның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр

10-нан астам ұрлық жасаған Алматы облысының тұрғыны Қырғызстанда ұсталды, деп хабарлайды Рolisia.kz.

Өткен жылғы 2 қарашада Алматы облысының Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері 10-нан астам ұрлық жасағаны үшін облыстың 32 жастағы тұрғынын халықаралық іздеуге жариялаған болатын.

Биылғы 2 мамырда Бішкек қаласының аумағында жедел-іздестіру іс-шаралары өткізілген. Оның барысында Қырғызстан Республикасының полиция қызметкерлері аталған елдің Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, күдіктіні ұстады.

«Қазақстан азаматына қатысты былтыр қыркүйек айында ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 4-бөлігімен (»Ұрлық«) қылмыстық іс қозғалғанын еске саламыз. Қазір күдікті заңда белгіленген тәртіппен қамауға алынды. Экстрадиция мәселесі шешіліп жатыр. Оның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды», - делінген полиция мәліметінде.