Астанада жыл бойы оқушыларға сабақ өткізбеген №49 мектептің директоры жұмыстан қуылды

Бүгінде №49 орта мектептің директоры Білім басқармасының 29 мамырдағы №1113 бұйрығымен жұмыстан шығарылған.

Елордада оқушыларға жыл бойы сабақ өткізбеген мектеп директорының ісі арнайы жұмыс тобында қаралып, нәтижесінде ол қызметінен босатылды, деп хабарлайды қалалық Білім басқармасының баспасөз қызметі.

Астана қаласының Білім басқармасы №49 орта мектептегі жағдайға қатысты түсініктеме берді.

«Аталған мектеп директорына қатысты қызметтік тергеу жүргізу үшін басқарманың 26 мамырдағы №1098 бұйрығына сәйкес жұмыс тобы құрылды. 26 мамырда жұмыс тобының қорытындысы бойынша, мектеп директорының іс-әрекеті тәртіптік комиссияның отырысында қаралды. Бүгінде №49 орта мектептің директоры Білім басқармасының 29 мамырдағы №1113 бұйрығымен жұмыстан шығарылған»,  делінген хабарламада.

Желіде тараған ақпаратқа сенсек, мектеп директоры «Абайтану», «Қазақ әдебиетіндегі эссе жазудың құрылымы» және «Жаһандық құзыреттілік» сияқты факультативті сабақтар үшін ақша алып отырған, бірақ сабақты өткізбеген.

Бұл жайында мектеп оқушылары арнайы видео түсіріп, әлеуеттік желіде жариялады. 

Фото: egemen.kz