Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Қазақстанға Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер мемлекеттік сапармен келді.
Аса мәртебелі мейманды Астана әуежайында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов қарсы алды.
Сапар аясында екі мемлекет басшылары Қазақстан-Германия стратегиялық серіктестігін нығайту мәселелері бойынша келіссөз жүргізіп, оның қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға қол қояды деп жоспарланған.
Сонымен қатар Германия Федералды Президенті Қазақстан және Германия университеттері ректорларының форумында сөз сөйлеп, Қазақстан Президентімен бірге қазақ-герман бизнес форумына қатысады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, мемлекеттік сапар аясында Франк-Вальтер Штайнмайер Маңғыстау облысына барады. Онда Қазақстан-Германия инженерлік институтының ашылуына және Svevind швед-герман компаниясының жасыл сутегі өндіретін зауытында сынама бұрғылау жұмыстарын іске қосу рәсіміне қатысады.