Алматыда әл-Фараби даңғылында қозғалыс шектеледі

Сонымен қатар Қонаев көшесінің Құрманғазы көшесінен Абай даңғылына дейінгі бөлігі жабылады.

Алматыда әл-Фараби мен Абай даңғылында көлік қозғалысы шектеледі. Бұл туралы Алматы қалалық Мобильділік басқармасынан мәлім етті.

«Асфальтбетон жабынын төсеуге байланысты 1-3 шілде аралығында кешкі сағат 22.00-ден таңғы сағат  06.00-ге дейін түнгі уақытта Абай көшесінің Достық даңғылынан Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігінде солтүстік бағытта көлік қозғалысы шектеледі», деп хабарлады басқармадан.

Батыс бағытта жол қозғалысы Абай даңғылының оңтүстік бөлігі бойынша жүзеге асырылады. Сонымен қатар Қонаев көшесінің Құрманғазы көшесінен Абай даңғылына дейінгі бөлігі жабылады.

«Бұдан бөлек, асфальт жабынын төсеу жұмыстарына байланысты әл-Фараби даңғылының Розыбакиев көшесімен қиылысындағы жолайырықтың тоннель бөлігінде 28-30 маусым аралығында кешкі сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін түнгі уақытта көлік қозғалысы шектеледі»,  деп атап өтті ведомстводан.

Автокөлік қозғалысы солтүстік және шығыс бағытта Қожабеков, Науаи және Гагарин көшелерімен ұйымдастырылады.

Маңайдағы көшелерде көлік қозғалысы өзгеріссіз қалады.

«Келтірілген қолайсыздық үшін кешірім сұраймыз және маршрутыңызды алдын ала бағдарлау қажеттігін ескертеміз», делінген хабарламада.