Қоғамдық қабылдау: тұрғындар мәселесі қараусыз қалмайды

Жергілікті атқарушы орган басшылары, партия филиалдарының төрағалары, заңгерлер мен адвокаттар, нотариус пен медиаторлар өңір халқының мәселелерін заң аясында қараған.

Қоғамдық қабылдау қызметі «AМANAT» партиясы жұмысының басты әрі жауапты бағыттарының біріне жатады. Қазір партияның барлық филиалында қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмысы жолға қойылып, ол билік пен бұқара арасында  берік байланыстың алаңына айналды. Оған дәлел, биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінің атқарған жұмыстары толайым. 

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалында қазір  12 қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. Оларға жыл басынан бері 1 118 өтініш түсіп, оның 602 немесе 54%  оң шешілуіне тікелей ықпал етіліп, 512 немесе 45,7%-ы бойынша түсініктеме  берілген. 

«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі  Үмітбала Ибраимованың айтуынша, есепті кезеңде 409 қоғамдық қабылдау өткізіліп, онда 913 азаматтың мәселесі қаралған. Оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары тұрғындарға 3 жеке қоғамдық қабылдау өткізіп, 28 азаматтың ұсыныс-тілегін тыңдаған. Сондай-ақ  мәслихаттағы партия фракциясы депутаттары да 169 қабылдау өткізіп, 404 тұрғынның мәселесін тыңдап, 237 азаматтың мәселесінің оң шешілуіне ықпал еткен.

Бұдан бөлек, жергілікті атқарушы орган басшылары, партия филиалдарының төрағалары, заңгерлер мен адвокаттар, нотариус пен медиаторлар өңір халқының мәселелерін заң аясында қараған. 

– Партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде ай сайын  жергілікті атқарушы орган басшыларын қатыстыра отырып, «Ашық есік күні» тақырыптық қабылдаулары  ұйымдастырылуда. Қабылдау барысында 97 өтініш түсіп, оның 41 немесе 42 пайызы оң шешімін тапты. Сондай-ақ «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында тоқсанына бір рет қабылдау өткізіліп, қабылдау нәтижесі бойынша 65 азаматтың мәселесі оңынан шешілді. Халықпен кері байланыс орнату және азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында еліміздің шалғай елді мекендерінде көшпелі қоғамдық қабылдаулар да өткізілуде, – дейді Үмітбала Серікқызы. 

Бұдан өзге, партия Жамбыл облыстық және аумақтық филиалдарының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары мен жергілікті атқарушы орган басшыларының қатысуымен мобильді қоғамдық қабылдау тобы осы жылдың 26 сәуірінен бастап, бүгінге дейін барлығы 6 ауылдық округте қабылдаулар өткізіп, 23 елді мекеннің тұрғынын қамтыған. Қабылдауға  281 адам қайырылып, ауыл тұрғындарынан барлығы 95 өтініш түскен. Бүгінгі күні олардың 38% оң шешімін тапқанын айта кеткен жөн. 

– Мобильді қоғамдық қабылдаулар барысында 3 елді мекеннің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселесі шешілсе, 12 елді мекен тұрғындарының денсаулық сақтау мәселелерін оңтайландыруға  партия тікелей атсалысты. Сонымен қатар 5 елді мекеннің білім саласына қатысты мәселелері оң шешімін тауып,  2 елді мекен тұрғынына ҚР азаматтығы алып берілді және 12 елді мекен азаматы жұмысқа орналастырылды. Отбасы жағдайы төмен азаматтарға материалдық көмектер көрсетіліп, бірқатар елді мекен тұрғындарының құжаттары реттелді, – дейді қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Ү.Ибраимова. 

Айта кетейік, партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелері бұдан әрі де халықтың өтінішін, талап-тілегін тыңдап, шешілуіне ықпал ету жолында аянбай еңбек ете бермек.