Оқыс оқиға Астанадағы қоғамдық бассейндердің бірінде болды. Баланы құтқару сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған, – деп хабарлады Polisia.kz.
Алдымен суда ес-түссіз жатқан баланы құтқарушы қыз шығарып алған. Артынша оны ер адам жерге көтеріп жатқызады. Осы кезде демалушы әйелдердің бірі көмекке келген. Ол шебер қимылдармен жүрек-өкпе реанимациясын жасап, баланың тынысын қайтарды.
Жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін бассейн қызметкерлері баланы дәрігерлерге тапсырды. Қазір оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.
Ата-анасы баланы құтқаруға қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.
Белгілі болғандай, алғашқы медициналық көмек көрсеткен әйелдің есімі – Назым Шәріпова. Ол Астанадағы Есіл аудандық Полиция басқармасында анықтаушы болып жұмыс істейді. Сол күні полицей әйел отбасымен бірге демалыста болған. Ол құтқару кезінде балаға зақым келтірмеу үшін ерекше сақтықпен қимылдаған.