Премьер-министр Әлихан Смайылов Ішкі істер министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге заңсыз көші-қонмен күресті күшейтуі қажет екенін айтты.
«Жалпы биылғы бірінші жартыжылдықта көші-қонның оң сальдосы қалыптасты. Сонымен бірге, мына мәселелерге назар аударамын. Біріншіден, Ғылым және жоғары білім министрлігі жетекші шетелдік университеттермен бірге академиялық ұтқырлықты кеңейту жөнінде пәрменді шаралар қабылдауы қажет. Шетелдік оқытушылар мен жас ғалымдарды тарту бағдарламасы аясында іс-шараларды күшейту керек. Бұл жұмыс тұрақты негізде жүргізілуі тиіс және Ғылым министрлігінің жеке бақылауында болуы керек», – деді Ә. Смайылов.
Сонымен қатар Үкімет басшысы Цифрлық даму министрлігіне елімізге IT-мамандарды тарту жұмыстарын күшейтудің тапсырды.
Премьер-министр Еңбек министрлігі мен Сыртқы істер министрлігіне елімізде жоғары сұранысы бар мамандардың немесе шетелде табысты бизнес-жобалары бар адамдардың елімізге жеңілдетілген тәртіппен кіруін қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни аталған бизнес-жобаларды елімізде жүзеге асыруға мүміндік жасау керек.
«Мұнымен қоса, Ішкі істер министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге заңсыз көші-қонмен күресті күшейтуі қажет. Бұл ретте, басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды үйлестіру керек. Атап айтқанда, Еңбек министрлігі Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқығын қорғауды қамтамасыз ететін жұмыстарға ерекше мән беруі керек», – деді Әлихан Смайылов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, биылғы бірінші тоқсандағы есеп бойынша Қазақстанның 194 мыңнан астам азаматы шетелде жұмыс істеп жүр.