Президент сапары Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығын аралап көруден басталды. Қ.Тоқаев жылу электр орталығында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарын тексерді.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, техникалық аудит нәтижесінде Екібастұз ЖЭО акционерлерімен бірлесе қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары дайындалып, бекітілді. «ОАЭК» компаниясы жылу желілерінің әбден тозығы жеткен учаскелері бойынша жобалық-сметалық құжаттаманы және ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарына қатысты техникалық шешімдерді әзірледі.
Жоспарға сәйкес «ОАЭК» АҚ-ның жеке қаржысы (8,2 млрд теңге) және Үкімет резерві мен облыстық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен (8,5 млрд теңге) барлық 10 қазандық агрегаты (5 бу және 5 су жылыту) жөнделеді.
Нысанның жай-күйімен танысқан Президент Үкімет пен облыс әкіміне Екібастұз ЖЭО-сының қызметін қалпына келтіру жұмыстарының сапасы мен мерзімін айрықша бақылауға алуды тапсырды.
– Жағдай күрделі. Көп нәрсе тозған. Бұл мәселемен жүйелі түрде айналысып, әрқашан бақылауда ұстау қажет. Былтыр қыстағы жағдай осы қалада да немесе басқа қалада да қайталанбауы керек. Бұл – Үкімет пен барлық әкімдердің жауапкершілігі. Болған жағдайдан ащы сабақ алдық. Ел азаматтары мен аталған қалалардың тұрғындарына шыдамдылық пен түсіністік танытқаны үшін алғыс айту керек. Бірақ үнемі төзе беруге де болмайды. Сондықтан тиісті шараларды қабылдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы орамішілік және магистралды желілердің, сондай-ақ қаладағы тұрғын үй қорының алдағы жылыту маусымына дайындық барысын тексерді.
Асайын Байхановтың айтуынша, бүгінде магистралды және орамішілік желілерге жүргізілген гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 304 ақау жойылып, 62 шақырым құбыр мен 95 дана бекіту арматурасының 76-сы ауыстырылды. Сондай-ақ Үкімет резервінен бөлінген қаражат есебінен 5,4 шақырым жылу магистралі жаңартылып жатыр.
Жалпы, облыс әкімдігінің мәліметі бойынша Екібастұздағы апатты жағдайлардың алдын алу үшін екі жобаны іске асыру қажет. Бірінші жоба – Екібастұз ЖЭО-ға техникалық судың үздіксіз берілуін қамтамасыз ететін магистралды құбырдың құрылысы. Екіншісі – жаңа жылу магистралінің құрылысы. Бұл қаланың төрт шағынауданындағы жылу жүйесінің теңгерімділігін қамтамасыз етіп,
9 мыңнан астам қала тұрғынын жылумен қамтамасыз ету параметрлерін айтарлықтай жақсартады.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет келесі жылдан бастап аталмыш жобаларды қаржыландыру мәселесін пысықтап жатқанын жеткізді.
Президент Екібастұз қаласындағы жылу электр орталығының жағдайымен танысқан соң жергілікті тұрғындармен әңгімелесті. Қала тұрғындары үйлерін жылумен қамтамасыз етудің мән-жайы туралы айтты.
Мемлекет басшысы қиын-қыстау жағдайда шыдамдылық танытқаны және апат салдарын жою кезінде азаматтық белсенділік көрсеткені үшін екібастұздықтарға алғыс айтты.
– Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін. Үкіметке тиісті тапсырмалар берілді. Тиісті қаражат бөлінді. Сондықтан бәрі ойдағыдай болады деп ойлаймын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы төтенше жағдай қайталанбауы үшін Үкімет тарапынан барлық қажетті шара қабылданып жатқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар тұрғындар мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғыс айтып, Президенттен қаланы абаттандыру және әлеуметтік нысандар салу мәселесін көтерді. Атап айтқанда, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов «Шахтер» саябағына күрделі жөндеу жүргізу қажет екенін айтты. Ал көпбалалы ана Аяна Смағұлова қалада балалардың бос уақытын тиімді өткізіп, олардың жан-жақты дамуына арналған Шығармашылық үйін салып беруді сұрады.
Мемлекет басшысы тұрғындардың өтініштерін назарға алып, тиісті тапсырма беретінін жеткізді.
– Дұрыс айтасыз. Назарға аламыз. Қысқа уақыт ішінде шығармашылық сарайын саламыз. Жалпы, бізге ел көлемінде өскелең ұрпаққа қызмет ететін нысандарды көбірек салу керек. Спортпен айналысу керек екенін айтып жүрмін ғой. Балаларды спортқа баулу керек. Бірақ ол үшін лайықты спорт алаңдары, стадиондар қажет. Тіпті, ондай спорт нысандар елордада да жетіспейді. Сондықтан әкімдер бұл мәселемен міндетті түрде айналысуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сапар барысында Президент Павлодар облысы кәсіпорындарының өнімдерімен танысты.
Көрмеге тамақ және қайта өңдеу, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы, мұнай химиясы және фармацевтика салаларындағы кәсіпорындар қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы кәсіпорындардың өнімдер көрмесін аралап көріп, жергілікті кәсіпкерлермен әңгімелесті.
Бизнес-қоғамдастық өкілдерімен әңгімелесу барысында Президент шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда соны серпіліс жасап, қажетті ынталандырулар мен преференцияларды пысықтау қажет екенін айтты.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Павлодар өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы және инвестициялық тартымдылығы жөнінде мәлімет тыңдады.
Облыс әкімі Асайын Байхановтың баяндауынша, бірінші жартыжылдықта өңірге 344 миллиард теңге инвестиция тартылған. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 30 пайызға артық.
Өңір басшысы Екібастұзда құны 35 миллиард теңге болатын техникалық кремний өндіру зауыты салынатынын айтты. Cондай-ақ облыста EkibastuzFerroAlloys компаниясының зауыты іске қосылмақ. Жобаға 92 миллиард теңге инвестиция құю көзделіп отыр. Сондай-ақ жоба аясында 1500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады. Ал теміржол машинасын жасау саласында RailCastSуstems компаниясы инвестиция көлемі 78 миллиард теңгені құрайтын ұсталық-бандаж өнімдерін шығару кешенін іске қосуды жоспарлап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев ASTANA VISION PAVLODAR клиникасына барды. Мемлекет басшысы жергілікті тұрғындарға офтальмологиялық қызметтер көрсететін медицина мекемесінің жұмысымен танысты. Клиника қызметкерлерімен әңгімелесу барысында Президент өңірлерде осындай жоғары технологиялық арнаулы медицина мекемелерінің ашылуы өте маңызды екенін атап өтті. Мемлекет басшысы орталық ұжымының жауапты қызметіне табыс тіледі.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Павлодар ақпараттық технологиялар колледжінің негізінде құрылған аймақтық IT-Hub қызметімен танысты. Президент желілік және жүйелік басқару, 3D-прототиптеу зертханаларын, металды лазермен кесу цехын аралап көріп, оқытушылармен әңгімелесті. Оқу орнын аралап шыққан соң Президент креативті жастармен жүздесті.