Халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық қайсы десең кімді еске түсіреміз, әрине – Абай мұралары. Абай мұралары күннен күнге заманына қарамастан, адамын таңдамастан өміршеңдігін жалғастыруда. Әсіресе, қазіргі таңда Әділетті Қазақстанды құрудамыз деп жарғақ құлағымыз жастыққа тимей жатқанда оның әділдік, адалдық, адамгершілік идеяларына негізделген, тағылымы мол шығармашылығы – қазақ әдебиетінің жауһары әр отаншыл, елшіл азаматтың санасына ой салады.
Кеше ғана мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбайдың әлеуметтік желіде жариялаған Абай туралы жазбасына пікірімді білдірген болатынмын. Менің ойымша біз Абайдың қадіріне әлі жете қойған жоқпыз. Абайдың ойшылдығын ұғыну үшін қара сөздерін терең үңіліп оқу керек. Бір рет астын үстін апырақтап сырғытып оқып жаттап алу нәтиже бермейді. Қайта қайта оқығанда ойға ой түйіседі. Сонда ғана Сіз айтқандай "Мен Абай мұрасынан не алдым? Енді еліме, халқыма не беремін?" деген сұраққа жауап табылады. Абай ойлары тереңде жатыр", – деп жаздым. Шынында да кім қандай үлес қосты? Абайды қалай дәріптеп жатырмыз? Өз үлесінің қаншалықты маңызды екенін әр азамат ұғынса екен.
2009 жылы сол кездегі партиямыздың Хатшысы Ерлан Қариннің қатысуымен Семей қаласында Патриоттар форумы өтті. Облыстан 15 азамат қатыстық. Біздің делегация пойызбен Алматы арқылы жеттік. Түскеніміз сол күтіп алушылар: Бірден Абайдың басына барасыздар ма әлде тамақтануға ма? – деп сұрады. Форумға қатысу іссапардың басты мақсаты болғанмен, түпкі ойым Ұлы Абайдың басына бару. Мен бірден Абайдың басына барамын дедім. Қасымда Марина Лимаренко. Журналист болған соң оған көру маңызды шығар барлық мәліметті білу Абай туралы, ал менде Абайдың Жидебайдағы басына барып қабірінің топырағын бір сипаласам, ондай болмаса тұтынған заттарын бір сипалап Ұлт мақтанышының, ұлт келбетінің рухымен бір рухани қауышсам деген арман болды.
Күн ыстық. Автобуста кондиционер жоқ. Сол автобуста өзге облыстың азаматтары да бар. Жол ойлы-қырлы, қара топырағы шығып жатыр, кей жерлерде қиыршық тас, кей жерлерде ғана асфальт дейтін асфальт емес қараң құраң бірдеңені ескі автобустың дөңгелегімен аямастан жаншып келеміз. "Осы елдің оқыған азаматтары қайда қарайды екен? Абай ауылының жолдары осындай болса онда басқаны қайдам?" деп іштей қынжылдым. Жеттік-ау. Керемет мемориал. Абай мен Шәкәрімнің басқан іздері ғой сарғыш тарта бастаған даланың ерке шөптерінің басын сипаладым, Семей топырағынан шыққан Алаш арыстары ұлт зиялылары есіме түсті.
Жидебайдың ауасымен тынысымды керіп дем алдым. Келгеніме қуандым. Еш шаршамадым. Абай, Шәкәрім рухына бас иіп сәлем беріп іштей құран оқыдым. Ұлт тұлғасына тағзым еттім. Абай мұражайындағы Абайдың қара мылтықтығының ағаш сабын сипалап, шүріппесін ұстап көрдім. Абай сөз мергені ғана болмағанына көзім жеткендей. Абайды ұрпақтан-ұрпаққа бүкіл әлемге таныту үшін не істеу керек? - деген ой мазалады. Алла бұйыртып немерелі болсам Абай әндерін немере қыздарыма орындатамын деп іштей армандадым. Семейден келе салып қызым Ақеркенің скрипкадағы репертуарын қарасам Абайдың "Көзімнің қарасын" Ақерке өз қолымен нотаға түсіріпті. Бірден суретке түсіріп сақтап қойдым.
Ақеркем жоқ мәңгілік мекеніне аттанғалы да жеті жылға таяп қапты. Өзің жоқсың Ақгүлім бірақ саусағыңның іздері, алақаныңның табы ақ қағазда қалыпты. Абай данышпан атаңның қадіріне сен ертерек жетіпсің, "Көзімнің қарасын" нотаға түсіріп елге таратып үлгеріпсің. Терең ойлай алған елжанды алтыным-ай..... Қолымда сарғайған ноталар жанды ноталар.
Патриоттар форумы өткен жылы алғашқы немерем Айша дүниеге келді. Айшаны флейтаға бердік. Биыл флейта мектебін өте жақсы бітірді. Флейтаны үйретететін жөнді бір қазақ қызын таба алмай орыс апайдың сыныбында оқуға тура келді. Абайдың әндерін алғашқы концерттерінде-ақ орындай бастады. Сүйсініп тыңдаймын. Ұрпағыма Абайды дәріптеудің бір шетін болса да аз да болса қөрсетуге тырысып бақтым. Қиналсам. мұңайсам Абайдың қара сөздерінен жауап іздеймін. Тереңдік, тұңғиық таза философия Абайдың көкірегін кернеп қазақ санасына қозғау салыпты, әлі күнге дейін өміршеңдігі мәңгілік екенін дәлелдеп келеді.
Абайы бар барша қазақ бақыттымыз. Абайы бар дейтінім Абай мұрасы ұрпаққа азық, бүкіл қазақтың мәртебесі. Абай еңбектері - ұлттық жазба әдебиетінің ғылыми жауһары. Идеологиядан айырылып қалдық деп армандаймыз нағыз идеологияның көкесі Абайдың қаламында жатыр. Неге біз алыстан іздей береміз, іздей береміз? Әлем таныған Абайдың қадірін әлі толық біле алған жоқпыз. Дегенмен де серпіліс бар. Қазақтың бойындағы кемшілігін айта отырып, санасына қозғау салуы, озық мәдениетке де телеуі ұрпаққа қалдырған ұлттық тәрбиенің ғылыми негізі- ескірмейтін өшпес мұра. Сонау он төрт жыл бұрын ішімде бұғып, қысылып, тұншығып қалған дүниенің сыртқа шығуына Дархан Мыңбайдың жазбасы себеп болды. Киелі жерге киелі ат беріліп, иесін тауып Абай облысы рухтанды, Ұлы Абай рухы шаттанды. Көзіміз ашыла бастапты, ары қарай дамыту көптің ісі. Тектілік пен естілік бауырлас ұғым бір Абайдың бойында. Сол он төрт жыл бұрынғы май топырағы шығып жатқан ойдым-ойдым жолдар әлдеқашан жөнделген болар. Ал , Абай сол Ұлы Абай, қазақтың Абайы.
Абай іліміне үңілсеңіз ұлттық намысты жетілдіру - бас мәселе. Абай намысты қоғамды аңсайды. Ұлы ойшыл Абайдың мұрасын дәріптеу, қастерлеу, ұрпақтан ұрпаққа таратуға үлес қосу баршамызға аманат.
Жантөреева Калыйма,
"AMANAT" партиясы Түркістан облысы
атқарушы хатшысының орынбасары.
Түркістан. облыстық. мәслихатының депутаты