Маман тапшы салалар ескеріледі

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеудің ерекшеліктері туралы айтты.

Агенттік төрағасының айтуынша, үшінші рет өткізілгелі отырған іріктеудің ерекшелігі мем­лекеттік аппараттың салалық кадрларға қажет­тілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша, кезекті іріктеу 6 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, агро­өнеркәсіптік кешен мен қоршаған ортаны қор­ғау, сыртқы саясат пен инвестициялар, эконо­микалық, қаржылық саясат, цифрландыру, сондай-ақ әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.

Сондай-ақ биыл үміткерлермен әңгімелесуді міндетті түрде салалық орталық органдар өкіл­дерінің қатысуымен өткізу тәжірибесі енгізілуде.

Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген ҚР азаматы қатыса алады.

Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 6 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс. Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Ол биылғы 1-30 қыркүйек аралығында pkrezerv.gov.kz арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Екінші кезең мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалаудан тұрады. Тестілеу процесі аудио-бейне фиксациямен өтіп, прокторинг жүйесімен қадағаланатын болады. Үшінші кезең – ситуациялық тапсырмаларды шешу. Ол үміт­керлердің таңдаған салалық бағыттарына байла­нысты ситуациялық тапсырмалар түріндегі нақты проблемаларды шешуге деген көзқарасын баға­лауға бағытталған. Төртінші кезең – ас­сессмент орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат. Ассессмент-орталық Президент жанын­дағы мем­лекеттік басқару академиясының ба­засында офлайн форматта өтеді. Ол мінез-құлық инди­каторлары арқылы кандидаттардың бо­йындағы белгіленген құзыреттерді анықтауға және ба­ғалауды көздейді. Бесінші кезең – сарапшы ко­миссияның кандидаттармен әңгі­мелесуі. Ко­миссия құрамына мемлекеттік орган­дардың басшылары тартылатын болады. Алтыншы, соңғы кезеңде Ұлттық комиссияның отырысы өтіп, Президенттік жастар кадр резервіне үздік 50 кандидат қабылданады.

Атап өту керек, 2019 және 2021 жылдары ре­зервке алынған 350 адамның 264-і мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымда­рында жұмыс істейді, яғни жалпы санның 75%-ы жұмысқа орналастырылды. Олардың ішінде 128 адам орталық мемлекеттік органдарда, 38 адам жергілікті атқарушы органдарда, 57 адам ұлттық компанияларда, 41 адам адам өзге де ұйымдарда қызмет атқаруда. Сондай-ақ олардың қатарында 31 резервші саяси лауазымдарға, 6 резервші «А» корпусының лауазымдарына тағайындалса, бір резервист Мәжіліс Парламенті және 2 резервист мәслихат депутаты болып қызмет атқаруда.