Шығыс Қазақстан облысында 25 метр тереңдіктегі шұңқырға құлап кеткен ер адам аман қалды.
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға 25 тамызда Глубокое ауданында болған.
«Аудан орталығында шамамен түнгі 01.00 шамасында ер адам танысымен бірге үйіне қайтып келе жатқан. Кенет Ушанов көшесі аумағындағы шұңқырды байқамай, құлап кетті. Қасындағы азамат бірден құтқарушыларға қоңырау шалған», - делінген ақпаратта.
Көмекке ТЖД жедел құтқару жасағының қызметкерлері шұғыл келіп жетті. Олар 25 метр тереңдіктегі шұңқырға түсіп, 48 жастағы ер адамды алып шықты. Абырой болғанда, ол аман қалған.
Құтқарушылар жедел жәрдем фельдшерімен бірге аяғын таңып беріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Содан кейін оны медицина қызметкерлері ауруханаға алып кетті.