Өткен Жолдаудың орындалу барысынан хабардар етті. Нақты іске асқан шаралардың бірнеше бөлігін ғана атап өтті. Бір сөзбен айтқанда, талай жұмыс атқарылғаны рас.
Елімізде ауқымды саяси жаңғыру жұмыстары жүргізілгенін бәріміз жақсы білеміз. Небәрі бір жарым жылдың ішінде көптеген түбегейлі өзгеріс жасалды. Билік тармақтары арасында тиімді тепе-теңдік жүйесі орнықты. Басқару жүйесі ықпалды Парламенті бар президенттік республика үлгісіне көшті. Елімізде «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасы берік негіз қалады. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты өз нәтижесін беріп жатыр.
Қазір жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы күн сайын өзгеруде. Технологиялық бәсеке мықты мемлекеттердің өзіне тізгін ұстатпай тұр. Қай жаққа қарасаңыз да ресурстар үшін талас пен тартыс. Осындай жағдайда Қазақстан экономикасының басты бағыт-бағдары қалай болмақ? Президент өз Жолдауында осыны айқындап берді.
«Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік жаңа экономикалық бағдарымыздың өзегіне айналады. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай. Сондықтан ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды. Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», – деп нақты мерзімді белгіледі.
Біз өңірлерде болғанымызда мемлекеттік сатып алу жүйесінің көптеген кемшілігін көрдік. Көп жағдайда бітпейтін дау-дамай өрістеп жатады. Осыған орай Мемлекет басшысы жаңа мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізуді тапсырған болатын. Үкімет жаңа заң жобасын әзірледі. Бұл құжат бюджет қаржысын үнемдеп әрі есеп бере отырып жұмсауға септігін тигізеді деп отырмыз.
Бізге керегі «Баға емес, сапа» қағидаты. Президент айтқандай, демпингке тиімді тосқауыл қойылса және үдерістер толық автоматтандырылса, халықтың талай шаруасы тез шешілген болар еді.
Ең маңызды нәрсе – Адамның жаны, ұлттың рухы! Мемлекет басшысы «Адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды. Әрбір ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат болса, әділдік орнайды» деген аталы сөз айтты. Міне, ендігі таңда қоғамды осы мақсатқа жұмылдыру, жүйелі ұлттық ұстаным орнықтыру өте өзекті деп есептеймін.