Аралтөбе ауылында 48 жастағы шаруа қожалығының басшысы ауыл тұрғындарын атқан. Бұл туралы Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішімдікке сылқия тойып алған ол кешкі сағат алты шамасында сол ауылдың тұрғынымен жанжалдасып, төбелескен.
«Күдікті өзінің Lexus маркілі автокөлігінен әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын алып, бірнеше рет қарсыласына қарай оқ атқан. Ауыл тұрғыны сол жақ жаңбасынан және аяғынан жарақат алған. Жергілікті 59 жастағы ауыл тұрғыны мен оның бүлдіршін немересі де жарақат алған», – деді БҚО ПД бастығы Арман Оразалиев.
Аңшы мылтығынан атылған бытыра екі жасар сәбидің де, оны ертіп жүрген әжесінің де сол аяғына тиеді. Жедел жәрдеммен екеуін ауруханаға жеткізген.
«Үшінші науқас 89 жылғы ер адам стационарлық көмектен бас тартып, қазір амбулаторлық ем алуда. Ол да сол денесіне, басына жарақат алған, емделіп жатыр. Үшеуінің де жағдайы қалыпты», – дейді БҚО денсаулық сақтау басқармасының медициналық қызмет ұйымдастыру бөлімінің басшысы Айгүл Құлбарақова.
Ал қаскөй қырғын салып алып, бірден өзінің көлігімен ізін суытқан. Тәртіп сақшылары түні бойы іздеп, ақыры қолға түсірді. Мылтығы тәркіленді. Қазір адам өлтіруге оқталу бабымен іс қозғалып отыр.
Фото: видеодан скриншот