«Ертіс орманында» ағашты заңсыз кесуге лауазымды тұлғалардың қатысы бар ма?

«Ертіс орманында» сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Павлодар облысы Полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері «Ертіс орманындағы» ерекше қорғалатын аумақта ағашты заңсыз кесу және ұрлау дерегін анықтап жатыр. 

Polisia.kz-тің дерегінше, 18 қыркүйекте облыстық прокуратура көмегімен, «Ертіс орманы» резерватында ауқымды операция жүргізілді. Полицейлер «Ертіс орманы» РММ-де, Шалдай және Бесқарағайда, сондай-ақ бірнеше басшының тұрғылықты жері бойынша 20-ға жуық тінту жүргізді. Тінту кезінде құжаттамада көрсетілгеннен басқа атыс қаруы, оқ-дәрілер және өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді. 

Қазіргі уақытта ҚК-нің 188-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Болжам бойынша орманды заңсыз кесуге «Ертіс орманы» РММ-нің лауазымды тұлғалары қатысты болуы мүмкін.

ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Айта кетейік, биыл Абай облысында орман өртеніп, 15 адам қаза тапты. Осы апаттан кейін  Президент орманшылардың әлеуметтік тұрмысын жақсартуға тапсырма берді. 

Фото: видеодан скриншот