Маңғыстауда вакцина алмаған балалар қызылша жұқтырып жатыр

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының Сайын Шапағатов және Ақшұқыр ауылдарында үш бала қызылша жұқтырды. Балалардың бәрі ауруға қарсы екпе алмаған, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екі бала екпе алмаған, ал біреуінде вакцинаға медициналық қарсы көрсетілім болған.

«Қазіргі уақытта науқас балалар Ақтау қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатыр. Ауданның қызылшаға қарсы егілмеген 1-30 жас аралығындағы тұрғындарына вакцинациядан өтуді ұсынамыз. Қызылшаның алдын алу әдісі – вакцина алу. Құрметті ата-аналар, балаларымызды қызылшадан қорғайық. Қызылшаға қарсы егу 1 жастан 6 жасқа дейін жүргізіледі», – деді Түпқараған ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінен.