Несиесін төлей алмаған зейнеткер суицид жасамақ болған

Егде жастағы әйел қолын ұстараның жүзімен тілгілеген.

Жетісу облысында несиесін төлей алмаған 74 жастағы зейнеткер өз-өзіне қол салмақ болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Аталған жағдайға қатысты ақпарат, ең алдымен, әлеуметтік желі арқылы тараған.

 

"Күндіз Абылай хан көшесіндегі банк бөлімшелерінің бірінде әйел қолын ұстараның жүзімен тілгілеген. Оған несиені төлей алмауы себеп болған", – делінген хабарламада.

13 қазан күні полиция бұл ақпаратты растап, 74 жастағы әйелдің сол жақ білегі тілінгенін мәлімдеді.

"Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді, онда қажетті медициналық көмек көрсетілгеннен кейін науқасқа амбулаторлық емдеу ұсынылды. Қалалық полиция қызметкерлері жарақаттың себебі мен барлық мән-жайды анықтап жатыр", – делінген Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Полиция өкілінің мәліметінше, ҚР ҚК 105-бабы ("Өзін-өзі өлтіруге оқталу") бойынша қылмыстық іс қозғалып, ол облыстық департаменттің бақылауына алынған.