Бүгінде Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаевқа бұқараның бойы үйрене бастады. Әкімдік қызметке кіріскеннен демалыс күндері де дамыл таппай, ел ішінде жүрген азаматтың тірлігі тұрғындардың көңілінен шығуда. Әсіресе, өткен жылдың жобалары жалғасын табатынына уәде еткен Бердібек Машбекұлының сөзі жұртшылықтың жүрегіне жылу сыйлағандай. Әкім айтқанынан айнымай, өткен аптада қала құрылысы кеңесін шақырып, былтырғы жобаларды тағы бір пысықтап тастады. Демек, жоспарлы жұмыс діттеген жеріне жетеді деген сөз. Алайда әкім ел алдындағы есепті жиынында да, кейінгі басқосуларда да Асқар Мырзахметовтің «Мойынқұм ауданынан облыс орталығына ұшақ ұшырамын» деген жобасы туралы жақ ашпады. Тіліміз жазықты, әрине. Бәлкім, Бердібек Сапарбаев бұл жоба туралы білмейтін де шығар. Олай дейтініміз, есепті жиында жұртшылық тарапынан Меркі–Шу–Бурылбайтал автожолы құрылысына қатысты сұрақ қойылғанда әкім: «Мен бұл жолдың құрылысы туралы мүлде білмейді екенмін» деп, сауалға орынбасары Бекболат Орынбеков «жауап берсін» деп меңзеген еді. Оған қоса, аймақ басшысы Мойынқұм мен Шу аудандарына әлі ат басын бұрмағандықтан бұл мәселеден бейхабар болуы да ықтимал. Сондықтан тұрғындардың тілегіне құлақ түріп, Мырзахметов «мөрін» басқан жобаны жаңа әкімнің назарына салмақпыз. Жалпы, аталған жобаның бойына өткен жылы жан үрленген болатын. Мойынқұм ауданына іссапармен барған Асқар Мырзахметовтен жұртшылық кеңес өкіметінен қалған әуежайды жаңартып, ұшақ қатынасын қайта реттеуді сұраған еді. Елді мекенге бару жол қашықтығы мен сапасыз жолдың жағдайын ескеріп, Мырзахметов Мойынқұмнан Тараз қаласына ұшақ ұшыруға уәде еткен. Тіпті, өзі бастап барып, мамандармен әуежайдың жай-жапсарын, оған қажетті құрылыстың деңгейін зерделеген болатын. Бұл жайында сол кезде өңірлік басылымдар сүйіншілеп, жарыса жазды. Ал Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында берген брифингінде Мойынқұм әуежайынан ұшақ осы жылдың 22 наурызында көкке көтерілетінін айтқан-ды. Міне, наурыз айы да басталды. Алайда аталған елді мекеннен ұшақтың ұшқаны былай тұрсын, әуежайда құрылыстың исі де сезілмейді. «Негізі кеңес өкіметінен қалған әуежайдың әуежолын жөндеу туралы тапсырма алғанымыз рас. Алайда құжаттардың дайын болмауына байланысты жұмыс тұралап тұр. Негізі, барлық мәселе қаражатқа келіп тірелетіні белгілі. Биыл Мойынқұм ауданында әлеуметтік маңызды нысандардың жобасын әзірлегенімен, оған әуежайдың құрылысын кіргізе алмадық. Себебі облыс әкімі ауысқаннан кейін аталған жобаның қолдау табар-таппасы белгісіз» дейді Мойынқұм ауданы әкімдігінің мамандары. Осылайша, Жазата ауылының атқамінерлері ағымдағы жылдың құрылыс жоспарының тізіміне Мойынқұм әуежайын кіргізуге жүрексініпті. Өйтетін де себебі бар. Ауыс-түйіс болып жатқан кезде кіші әкімдер әліптің артын бағатыны белгілі. Десе де, қазір қара халықтың күткен жобасының бірі осы әуежай болып тұр. – Былтыр Асқар Мырзахметов ауданға келіп, «Мойынқұмнан Таразға ұшақ ұшырамын» дегенде төбеміз көкке жеткендей болған. Сол кезде әкімдіктегілер әуежай маңында түрлі жұмыстарды бастап, сең қозғалғандай көрінген. Алайда биыл бұл мәселе су сепкендей басылып тұр. Облысқа келген жаңа әкім Бердібек Сапарбаев осы мәселені жіті бақылауына алса, мойынқұмдықтардың алғысына бөленер еді, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жамбыл Қалыбаев. – Облыс орталығына жұмыс барысымен жиі қатынайтындықтан жол азабын сезініп жүрген бірден-бір адамның бірі – мен. Ұланбел жақтың жолы дұрыстау деп жүрсең, Таразға дейін 80 шақырымдай жолды артық жүресің. Ал Шу жақпен шықсаң, ойдым-ойдым жолмен жетемін дегенше, көлігіңнің сау жері қалмайды. Егер Мойынқұм әуежайы іске қосылса, уақытымыз үнемделіп, тірлігіміз тез бітер еді, – дейді кәсіпкер Бауырлан Нұрділдә. Көптің тілегі – осы. «Жоспарлы жұмыс жерде қалмаса екен» деген өтініш. Айтпақшы, Асқар Мырзахметов Мойынқұмнан ұшақты Таразға ғана емес, Шу ауданы Төле би ауылына да ұшырамын деп уәде еткен еді. Әрі Тараздан кері шыққан ұшақ Шу ауданына аялдап, Мойынқұм ауданына 1,5-2 сағаттың ішінде жетеді деп жоспарланған. Алайда Шу ауданының әкімдігі де аталған мәселеге қатысты еш ақпар айта алмай отыр. Естеріңізге сала кетсек, 1966-1990 жылдар аралығында Мойынқұм ауылынан облыс орталығына «АН-2» және «ЯК-40» ұшақтары күніне екі рет ұшқан болатын. Аға буынның айтуынша, сол кездегі ұшу билеті 10 сом болған көрінеді. Бүгінгі теңгеге шаққанда – 5 000 теңге. Қазір Тараздан Мойынқұм ауданына таксилер 3 500-4 000 теңге аралығында қатынап жатқанын ескерсек, егер әуетасымалы іске қосылса, ұшақпен ұшуға ниеттілердің саны артып жығылатыны айтпаса да түсінікті. Бәлкім, Бердібек Сапарбаев Шу мен Мойынқұм аудандарына жоспарлап отырған іссапары барысында аталған әуежайларға арнайы ат басын бұратын шығар. Себебі қазір қара халық «Мырзахметов айтқан ұшақты Сапарбаев ұшыра ма?» деген үмітпен қарап отыр. Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы