Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті еңбек адамдарын да тексерістен өткізіп, мақсатсыз берілген қаржыларды кері қайтаруда. Мәселен «Anticor» орталығында ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының бас маманы Қ. Ақмырзаев пен Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Е.Күлкеев мал шаруашылығын субсидиялау бағытындағы қызметке жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау қорытындысында бірқатар заң бұзушылықтардың анықталғанын мәлім етті. Атап айтсақ, шаруалар субсидия алуда құзырлы мекемелерге шындыққа жанаспайтын мәліметтер өткізген екен. Нәтижесінде 975 200 теңге көлеміндегі мемлекет қаржысы кері қайтарылған. Ал жалған құжатпен қаржы жымқыруды ойлағандардың қатарында «Меркі асыл тұқымды зауыты», «Бірлік», «Гамбург», «Ақ-барс» және «Аяла» шаруа қожалықтары мен серіктестіктері бар. Тарқатып айтсақ, «Бірлік» ШҚ - 176800 теңге, «Гамбург» ЖШС - 606400 теңге, «Меркі асыл тұқымды зауыты» АҚ - 30000 теңге, «Ақ-барс» ШҚ - 75000 теңге және «Аяла» ШҚ - 87000 теңге қаражатты «сол қалтаға» басқысы келген. Алайда олардың жымысқы әрекеттері жүзеге аспай, «екі жеп, биге шықсам» деген ойлары әшкере болып отыр.
Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы