«Аралас мектептің қажеті жоқ» – Өскемен тұрғындары наразы

«Аралас мектептің қажеті жоқ» – Өскемен тұрғындары наразы

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жұртшылықпен кездесуінде қаланың Сол жағалау бөлігіндегі 19-шы тұрғын ауданда жаңа мектеп ашылатынын мәлімдеген болатын. Ал таяуда облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова мектептің аралас тілде оқытатынын айтты. Алайда, бұл мәлімдемеге аталған аудан тұрғындары фейсбук әлеуметтік желісінде үзілді-кесілді наразылық білдіріп жатыр. Себебі, олар аралас мектептің ақыр соңында орыс тілді мектепке айналып кетпесіне кім кепіл деп алаудаушылық танытуда. – 100 пайыз қазақтар тұратын тұрғын ауданға аралас мектеп не үшін қажет? Осы нысанның дәл жанындағы үйде тұрамын. Біздің үйде де, жанымыздағы көп қабатты үйлердің барлығында да 99,5 пайыз қазақтар тұрады. Андрей деген жалғыз орысымыз бар. Оның өзі де ауылдан көшіп келген, балалары қазақ балабақшасына барады, – деп жазады фейсбук қолданушысы Ермек Құрманғали. Ал Гүлбарам Кәрменова есімді өскемендік тұрғын былай деп жазады: – Аралас мектептің қазаққа, оның ұрпағына тигізген орасан зор зияны тіпті, кеңес өкіметінің кезінде де айтылған. Енді жаңалық қылып бұл пəлені қайдан тауып алды? Не таза орысша, не таза қазақша болсын! Бірақ таза орысша болса, сол маңдағы қазақтар жақын жер деп балаларын орыс мектебіне беріп жібереді. Онсыз да сол маңдағы балабақшаларда «қазақ тобында орын жоқ, амалсыз орысшаға бердім, жұмысқа шығуым керек» деген қазақтың жас келіншектері жетіп артылады. Еске салсақ, Білім және ғылым министрлігіне қарасты құрылысы аяқсыз қалып, біраз жыл қаңырап тұрып, кетеуі кете бастаған бұл нысанды облыс әкімдігі министрліктен өз теңгеріміне алған болатын. Дәл қазір аудандағы мың орындық қазақ мектебінде мың жарым бала оқып жатыр. Бұған қоса көпқабатты тұрғын үйлердің көптеп тұрғызылып жатқанын ескерсек, тағы бір қазақ мектебінің қажеттілігі өзінен-өзі туындауда. Қала әкімі Жақсылық Омардың айтуынша, талай жылдан бері құрылысы аяқталмай, тоқтап тұрған ғимарат толық жөнделіп, 700 орындық жаңа мектепке айналады. Нақты қай уақытта пайдалануға берілетіні белгісіз.

Дәурен Аллабергенұлы, Шығыс Қазақстан