«Қызыл кітапқа» енген құстарды заңсыз аулаған ер адам ұсталды

Күдікті полиция бөліміне жеткізіліп, тергеу жұмыстары басталды.

Түркістан облысында полицейлер Қызыл кітапқа енген құстарды заңсыз аулау және тасымалдау қылмысының жолын кесті. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ордабасы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында «Охотзоопром» инспекторларымен бірлесіп, Шымкент-Самара тасжолында Audi 100 автокөлігінің жүргізушісін тоқтатты. Көліктің жүксалғышын тексерген кезде полицейлер екі жараланған ителгі мен жеті қарабауыр бұлдырық құстарын тапты», – деді ІІМ баспасөз қызметінің өкілі.

Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Шымкент қаласының тұрғыны полиция бөліміне жеткізілген.

«Қазіргі уақытта оған қатысты ҚР ҚК «Өсiмдiктердің немесе жануарлардың сирек кездесетiн және құрып кету қаупi төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу» 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Жабайы құстар Шымкентте орналасқан мемлекеттік хайуанаттар бағына берілді», – делінген ақпаратта.