Бағдарламаның шарттары мен механизмі 2024 жылы нақты белгілі болады.
"Отбасы банк" басшысы жаңа ипотекалық бағдарлама ашылатынын айтты
1,029
оқылды

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Отбасы банктің" басшысы Ләззат Ибрагимова елімізде "9-20-25" деп аталатын жаңа ипотекалық бағдарлама ашылатынын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарлама шарттары 2024 жылы белгілі болады.

"9-20-25" бағдарламасы жоспарымызда бар. Бізде көпбалалы отбасылар, мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылар, 1-2-топтағы мүгедектер және жетім балаларға арналған "Бақытты отбасы" мемлекеттік бағдарламасы бар. Кейінгі кезде жас отбасылар "бір баламыз бар, енді аяққа тұрып жатырмыз, бірақ баспанамыз жоқ; мемлекеттік қызметкер емеспіз, бұл санаттар бойынша кезекке тұра алмаймыз" деп жиі хабарласады. Жас отбасыларға қамқорлық жасағымыз келеді, оған қоса, 20 миллионыншы азаматтар дүниеге келіп жатыр. Біз мөлшерлемесі сәл жоғары бағдарлама әзірлегіміз келеді. Оны жоспарлап та қойдық. Бірақ бағдарламаның шарттары мен механизмі 2024 жылы нақты белгілі болады", – деді "Отбасы банк" АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Ләззат Ибрагимова бағдарлама әлі басталмағанын, ешқандай шектеу жоғын жеткізді. Айтуынша, банк мамандары алдағы уақытта тиісті есептеулер жүргізеді.

фото: Pixabay.com