Атырауда шизофренияға шалдыққан тұрғын мектепке бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берген

Күдікті психиатриялық стационарға жатқызылды.

27 жастағы қала тұрғыны полицияға анасының телефоны арқылы хабарласып, мектепке бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

1996 жылғы азаматтың терроризм актісі туралы хабарламасынан кейін, оқиға орнына Атырау облысының Полиция департаменті, Атырау облысы прокуратурасының, ҚР ҰҚК-нің Атырау облысы бойынша департаментінің және Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері барып, тексеру барысында ешқандай жарылғыш құралдың жоқтығын анықтаған.

«Қазіргі уақытта күдікті психиатриялық станционарға жатқызылды», – деп хабарлайды Атырау облысының Полиция департаменті. 

27 жастағы азаматтың анасы заңды өкілі ретінде сот отырысында баласының ауыратынын, оқиға болған күні ауруханадан екпе алып, жай-күйі нашарлағанын айтқан. Сонымен қатар, 1996 ж.т. азаматтың қайда телефон соққанын білмейтінін, бұрын да дәл осындай жағдай болғанын, аталған азаматқа амбулаториялық емдеуді тағайындауды сұраған.

«Сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сай аталған азамат «Параноидты шизофрения үздіксіз ағын түрі, тұрақты ақаумен» созылмалы психикалық бұзылуымен ауыратыны расталған.

Күдікті ҚР Қылмыстық кодекстің 273-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылып, оған Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу тағайындалды», – деп түсінік берді Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз-хатшысы Мейірім Ердәулет.

Баян Жанұзақова