Талдықорған мен Өскеменнің арасындағы жолда үш көлік соқтығысты

Ішінде жедел медициналық жәрдем көлігі де бар.

Алматы-Өскемен автожолының Жетісу облысы аумағындағы бөлігінде жол апаты болып, үш бірдей көлік соқтығысты, – деп хабарлайды  Aikyn.kz. 

Жедел жәрдем көлігі өңірдегі Ақсу аудандық ауруханасына тиесілі болған. Апаттан екі медицина қызметкері жарақат алды.

«Оқиға «Алматы-Өскемен» автожолының 337 шақырымында орын алды, онда «Мазда-626» жеңіл автокөлігі, «КамАЗ» жүк көлігі және «JAC» жедел жәрдем көлігі соқтығысты. Жол апатынан екі дәрігер зардап шекті. Олар әртүрлі жарақат алып, ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің бірі кейін амбулаториялық емделуге жіберілді», – деп жазды Облыстық полиция департаментінен.

Қазір апатқа ұшыраған автокөліктер арнайы автотұраққа орналастырылып, қажетті сараптама тағайындалды.