Әне-міне дегенше Жаңа жыл да келіп қалды. Отбасылық мерекенің мәні де, сәні де – молынан жайылған дастарқан. Әрине, әркім өзінің қалтасына қарай көсіледі, талғамына қарай жаяды. Дегенмен біз бәрімізге таныс тағамдардан тұратын "жаңа жылдық дастарқанның" биыл қаншаға шығатынын іnbusiness.kz есептеп көріпті.
Сонымен жаңа жылдық ас мәзіріне үш түрлі салат (оливье, ішік астындағы майшабақ, грек салаты), негізгі тағам ретінде манты, тіскебасарлар, жеміс-жидек пен тәтті торт кірді. Одан бөлек сусындар мен кәмпиттер алынды. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.
Негізгі тағам – мантыны даярлау үшін біздің есеппен 3 775 теңге кетеді. Қазіргі бағаларға сәйкес, 1 кг сиыр еті фаршы – 3 399 теңге, 2 жұмыртқа – 130 теңге, 500 гр ұн – 159 теңге, 300 гр пияз – 31,5 теңге, 400 гр картоп – 55,6 теңге тұрады.
Келесі кезекте тіскебасарлар. Қызыл уылдырық салынған 24 тарталетка құны – 10 699 теңге болды (уылдырық – 8595 тг, сары май – 779 тг, тарталеткалар – 1325 тг). Оған қоса үстел үстіне 1275 теңгелік шұжық пен 1500 теңгеге ірімшік қойылады. Бәрін қосқанда 13 474 теңге шығады.
Салаттарға тоқталар болсақ, бір табақ оливье салатын жасау үшін 3 779 теңгеге азық-түлік алу керек болады. Әдетте арзанға шығатын грек салаты биыл біраз қымбаттады – 3635 теңге, оған зәйтүн бағасының (314 гр үшін 1 175 теңге) өсуі себеп болған секілді. Салаттар арасында ең арзанға түсетіні – ішік астындағы майшабақ. Құрамындағы барлық ингредиенттердің жалпы құны 1 258 теңге болды.
Жеміс-жидектер бағасы бірқалыпты. Мандарин – 1 089 теңге, жүзім – 1533 теңге, алма – 778 теңге. Әр жеміс түрін 1 кг-нан алғанда барлығы 4 255 теңгеге шығады. Сусындар ретінде балаларға – 2 л шырын (1 043 теңге) мен үлкендерге – бір бөтелке шарап (1 490 теңге) алынды. Тәтті торттың орташа бағасы 5 893 теңге болса, 1 кг кәмпит құны 2 446 теңгеге бағаланды.
Нәтижесінде "жаңа жылдық" дастарқан жаюға барлығы – 41 048 теңге жұмсалады. Өткен жылы Jusan Analytics дәл осындай мәзірді негізге ала отырып, екі қала бөлінісінде есептеу жүргізген болатын.
Оған сәйкес, былтыр мерекелік дастарқан бағасы Алматыда – 40 577 теңгеге, Астанада – 39 428 теңгеге бағаланған болатын. Көріп отырғанымыздай, алдыңғы жылмен салыстырғанда дастарқан құны бар болған 620 теңгеге немесе 4%-ға ғана қымбаттаған. Ескеретін жағдай – біз ең танымал супермаркет желісіндегі бағаны негізге алдық және есептеуде әр азық-түліктің орташа не қолжетімді бағасын қолдандық.