Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 2022 жылдың басынан бері елімізде пайдаланылмай жатқан және ел заңнамасын бұза отырып берілген ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекетке қайтару жұмыстары белсенді жүргізілуде.
Бақытжан Базарбек: Кедергі жасап отырғандар – «ескі Қазақстанның» өкілдері
4,289
оқылды

Осы жұмыстың жүйелі түрде іске асырылуына қоғамдық бақылауды жүргізу мақсатында «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» республикалық және аймақтық комиссиялары құрылған болатын. Бүгінде 10 млн гектар жер мемлекетке қайтарылған. Осы ретте, біз республикалық комиссия төрағасының орынбаcары, Мәжіліс депутат Бақытжан Базарбекпен сұхбаттасқан едік.

– Бақытжан Жұмабекұлы, «Жер аманаты» комиссиясы өзінің миссиясын толыққанды атқарып отыр ма? 10 млн гектар дегеніміз аз ба, көп пе?

– 10 млн гектар дегеніміз – аз да емес, көп те емес. Неге? Өйткені біз заңсыз бе­рі­ліп кеткен жерлердің нақты санын біл­мейміз. Мәселен, қазір ғана мен Батыс Қазақстан облысының шаруаларымен болған кездесуден шығып отыр­­мын. Олардың ақпараты бойынша, 4 іс бойынша сот шешімі шыққан. 2013-2022 жылдар ортасында әкімдер осы 4 жер телі­мін конкурссыз беріп тастаған. Ал жалпы осы уақыт аралығында сол БҚО-да жалпы аумағы 3 миллион гектар болатын 326 жер телімі заңсыз берілген. Бұл Жер ресурстарын басқару департа­­менті тарапынан болашақта сотқа арыз берілгелі тұрған, қайтарылуға жататын жерлердің көлемі. Енді өзіңіз ойлап кө­ріңізші, бұл тек бір облыс. Басқа өңір­­лерде де осылай. Алдағы жылдарда бір облыстан орташа есеппен 1-3 млн гектар заңсыз берілген жер телімдері мемлекетке қайтарылуы мүмкін. Ал бізде Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды, Қоста­най, Жамбыл, Түркістан, Алматы облыс­­тарында жағдай күрделілеу. Сондықтан да 10 миллион гектар жер тек қана басы.  Нақты статис­тикасын «Жер аманаты» комиссиясы да білмейді, Жер ресурстарын басқару комитеті де біл­мейді, Бас про­куратура да білмейді. Се­бебі 2013-2022 жыл­дар аралығында заңды белше­сінен басқан тұлғалар жерді бас-көз жоқ бере берген. Бір ғана мысал, бүгін маған шаруалар қаулыларды көрсетті. Оған қол қойған Батыс Қазақ­стан облы­сының әкімдігіндегі үлкен шенеуніктер. Олар қазір сол қызметті атқарып отыр. Ал ке­зінде олар аудан әкімі болып сол жер­лердің бәрін берген. Сондықтан да «Жер аманаты» комиссия­сының төраға­­­сының орынба­сары ретінде менің пози­циям: «Біз заңсыз берілген жерлерді қайта­­рып қана қоймай, оны жасаған ше­неуніктерді де қылмыстық жауапкер­шілікке тар­туы­мыз керек!».

– Қылмыстық кодекстегі баптарды келтіріп айта аласыз ба?

– Олар «қызмет бабын асыра пай­да­лану» және «қызмет бабын теріс пайда­лану» баптары бойынша жауапкершілікке тартылуға тиіс. Бұл жемқорлықпен бай­ланысты қылмыстың түрлері. «Асыра пай­­далану» дегенге, мысалы ықпал ету жатады. Айталық, жер комиссиясын әкімнің орынбасары басқарады, соларға ықпал ету жолымен «нақты мына жерді жер комиссиясына шығарыңдар!», «бұл жерге тиісті өкілетті органдар оң қоры­тынды берсін!», «комиссияның оң қоры­тындысын шығарыңдар!» деп сырттай тапсырма немесе бұйрық бергеннің өзі, «негласные установки» дейді ғой, қызмет бабын асыра пайдалануға жатады. Ал орындап, қол қойған адам «теріс пай­далану» бабына ілінеді.

Тағы бір айта кететін жайт, қазір жер комиссиясы жоқ. 2023 жылдың 1 шіл­­десінен бастап ол алынып тасталды, міне сол уақытқа дейін Жер қатынастары бас­­­қармасы Жер кодексінің 43-бабы бойы­н­ша барлық келген арызды қарайды. Егер ол конкурсқа немесе аукционға шығары­­латын жер болса, одан бас тартады да, жер комиссиясына шығармайды. Бірақ көбіне жер қатынастар мекемесі жемқорлық жағ­дайымен, ондай жерлерді тексермей, яки конкурс, аукционға шығармай, жер комиссиясына жіберіп келген. Мұның өзі «қызмет бабын теріс пайдалану» болып сараланады да, басқарма немесе бөлім басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

– Енді заңгер ретінде айтыңызшы, осы жерде жемқорлық компонентін дәлелдеу қиын емес пе?

– Түсінесіз бе? Осы уақытқа дейін әр об­лыста қаншама қылмыстық іс қоз­ғал­ды. Не себепті жер саласында әкімді, оның орынба­­сарын, жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы бөлімі бас­­тық­тарын қыл­мыс­тық жауапкершілікке тарту қиын бол­ды. Өйткені қылмыстық іс қозғаған кезде тергеуші, ол сыбайлас жемқорлық немесе қаржылық қадағалау әлде про­­куратура органдарының қызметкері, қау­лыны қолына алады да, оған қол қойған әкімге келеді. Ал әкім болса, Жер кодек­сінің 43-бабына сілтейді. Онда әкім өзінің тиісті шешімін жер комиссиясының оң қорытындысының, жерге орналастыру жобасының негізінде қабылдайтыны айтылған. «Егер олар бар болса, мен оң шешім қабылдауға мін­деттімін, әйтпесе маған шара қол­да­нылады. Жауапкер­­шілікке тартсаң, комиссияны тарт», – дейді ол. Ал ко­миссия заң бойынша тақ саннан тұру керек. Не 11, не 13, не 15 адам және тең жартысы қоғам өкілдері болуы керек. Енді тергеуші соларға келеді. Онда кімді тергейсің? Әрқайсысы тек бір-бір дауысқа ие. Типтік ереже бойынша ко­миссия төрағасының да, яки әкімнің орынба­сарының да, әрбір мүшесінің де, яки мәслихат депутаты, кәсіпкерлер пала­тасы, ардагерлер кеңесі, БАҚ өкілінің де жалғыз ғана дауысы бар. Олар «біз дауыс бердік, осындай шешім қабыл­данды» дейді. Егер төрағада екі дауыс болса, оны жауапқа тартуға болар еді. Енді әкімнің орынбасары: «Жауапқа тартсаң құжатты комиссияға ұсынған жер қатынастарын тарт» дейді. Сөйтіп, тергеуші басқармаға келеді. Ал оның басшысы: «Менде жауап­кершілік жоқ, мен дауыс бермеймін, қаулы шағырмай­мын, қол қоймаймын, небәрі құжатты дайындап беремін. Егер дұрыс қарамай қалған болсам, ол қылмыстық емес, тәртіптік жауапкершілік қана, онда сөгіс берсін немесе жұмыстан шығарсын» дей­ді. Сөйтіп, іс тұйықталып қалады, тер­гейтін, тексеретін, жауапқа тартатын адам жоқ. Бұл бұрынғы заңнама бойынша осылай болатын. Сөйтіп, қоз­ғалған біраз іс қылмыстық құрам жоқ деп жабылған болатын. Енді қазір жер комиссиясы таратылды. Себебі 2021 жы­лы үкіметтік жер комиссиясының үшінші жиналы­сында мен сөз сөйледім. Ол кезде оны Е.Тоғжанов басқарды. Сонда осы ұсынысты айттым. «Жер комиссиясы сыбайластық жемқорлық тәуекелін тудырып отыр, олар пара алуы және оны кейін әкімге бе­руі мүмкін» дедім. Үкіметтік комиссия бұл ұсынысымды толық қабылдады. Цифр­ландыру туралы заңға енгізді, оған Президент биыл сәуір айында қол қойды, 1 шілде күні күшіне енді. Енді қазіргі тәртіп бойынша материалдар толығымен жер қатынастары бөліміне түседі, олар алдын ала жоспар жасап, оған қатысты мемлекеттік ор­гандар өзінің келісімін бере­ді де, одан кейін барып құжат әкімге жіберіледі. Әкім қаулы шығарады, міне содан кейін не сатып алу, не жалға алу шарты бекітіледі. Жауапкершілік – әкімде. Яки, қазіргі Жер кодексінің 43, 44-1, 44-2-бап­тары бойынша әкімді қыл­мыстық жауапкершілікке тарту оңай. Аудандық және қалалық әкімдерді, ал облыстық әкімдерде жер қойнауын пай­далануға қатысты өкілеттіліктер қалды­рылды. Ол жерде бұрынғысынша жер комиссиясы жұмыс істей береді. Неге олай? Өйткені барлық заңсыздық та, жемқорлық та аудандық, қалалық дең­гейде болып отыр.

– Сіздің осы «Жер аманатына» қатысты практикаңыздағы ең үлкен жер көлемі қан­ша гектар, қай өңірлер және ең ірі лати­фундист кім?

– Ең үлкен жер көлемі дегенде, биыл Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында 1 миллион гектар жерді қайтарғанбыз. Бұл дегеніміз – кәдімгі Израил мемле­кетінің 30% аумағына тең жер ғой. Сондай жер бір ЖШС-ның атында болған. Яки, 10 миллионның 1 миллионы бір облыстың емес, бір ауданнан табылып тұр. Енді мәселе, оны қалай алғанын­да. Өйткені Жер кодексінің 92 бабы 3 тармағы бойын­ша 1 гектар жерге кемінде 20%-дық мал басының жүктемесі, яки мал саны болу керек. Енді есептеңіз, 1 миллион гектарда қанша мал болу керек. Ондай миллион­даған мал, тіпті бүкіл Қазақстанда жоқ. Енді айта кететіні, Жер кодексінде «Заң­­ды бұзған жердің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың тізілімі», яки ре­естрі бар. Былайша айтқанда, «қара тізім». Оған енер болсаң, үш жыл­ға жер иелену, аукционға қатысу құ­қынан айы­рыласың. Міне, әлгі жер­дің иесі аталған тізілімге кірмеу үшін сол жерден өз еркімен бас тартты. Осы механизм үлкен-үлкен жер аумақтарын қарпып қа­лып, бауырына басып жатқан алпауыт­тар үшін өте ықпалды тетік болып тұр. Себебі олар ірі-ірі бизнестің иелері ғой, елміздің әр өңірінде кәсібі бар адамдар. Егер иге­рілмей жатқан жерін өз еркімен бермей, ол сот шеші­мімен қайтарылса, онда мін­детті түрде тізілімге кіреді. Сон­дықтан олар бизне­сіме зияны тиеді деп қорқады. Ол тізімге бір енген ЖШС одан кейін, әкімдерге пара беретін болса да, қай об­лыстан болмасын жер ала алмай қалады. Осы тұста айта кеткім келетіні, бұл меха­низмнің де әділетсіздеу жері бар. Ол – өз еркімен қайтарған меншік иесінің жауап­кершілікке тартылмағаны өз алдына, сотпен қайтарылған жағдайда да әкім­дердің жазасыз қалып отырғаны. Өйткені, заңна­мада ондай норма жоқ.

– Жақсы, одан басқа қандай жерді, ірі жер алпауытын айта аласыз?

– Енді тағы да бір қайтарылған жер­лердің қатарында мен Асы жайлауын айтқым келеді. Бұл ең үлкен деген, кере­мет жерлеріміздің, тіпті ұлттық құнды­лық­тарымыздың бірі ғой. Оның иесі кім болғанын мен қазір объективті себептерге байланысты айта алмаймын. Бірақ жақын арада құжаттар толық қолыма тиген соң мен оның мәліметтерін, соның ішінде қаулысын әлеуметтік желілерде толықтай жариялайтын боламын. Тек айтарым, 2017 жылы Еңбекшіқазақ ауданының әкімі оны конкурспен беріп жіберген. Кезінде ол да Болат Назарбаевпен өзара байланысқан азамат еді. Бірақ біреулер айтып жүргендей қазіргі облыс әкімінің бауыры емес. Оған дейін 2012-2018 жыл­дары әкім болған адам. Қазір кадастрлық материалдар қолымда жоқ, егер айтып жіберсем, ана тарап адвокаттарын жал­дап, сотқа жүгінуі мүмкін. Сондықтан қалған ақпараттарды сәл күтейік.

– Жақсы. «Жер аманаты» комис­сиясының жұмысында қандай кедергілер болды? Мәселен, заңнамалық тұрғыда, лобби жасап кедергі еткен деген секілді.

– Әрине, кез келген жұмыста өзінің кедергілері бар. Тіпті, біздің «Жер амана­ты» республикалық комиссия­сының да жұмысында ондай болды. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Жаңа Қазақ­стан тұжырымдамасын құру міндетін алға қойып отыр. Ал кедергілердің бәрін жа­сап отырғандар ескі Қазақстанның өкіл­дері. Олардың кедергілері әр уақыттарда, әр кезеңдерде байқалып отырады. Мем­лекеттік инспекцияға да кедергі жасап отыратындар жетеді. Жер инс­пекциясына да кедергі жасап жатады. Олардың ішінде құқық қорғау органдары да бар. Жоғары тұрған уәкілетті органдар да бар. Әкім­діктегілер де бар. Соған қарамастан біз жерлерді тексеріп, материалдарды сот­қа беріп отырмыз. Сондықтан да нағыз Жаңа Қазақстанды орнатамыз де­сек, нағыз қоғамдық-әлеуметтік әділет­тікті орнатамыз десек, біз ондай кедергі­лерге қарамауымыз керек. Біз алға қойған мақсаттарымызға қалай да жетуге тиіспіз. 

– Атынан ат үркетін латифундистердің есім-сойын, иелігіндегі жер алқабының көлемін, орналасқан жерін, кемінде 10 адам делік, атап өте аласыз ба?

– Енді оларды биресми тұрғыда біз білеміз. Бірақ ресми түрде атын атауға құқымыз жоқ. Біріншіден, заң нормалары бар. Егер де олар жер телімін заңсыз ие­лен­ген жағдайда да, соттың сол туралы шешімі күшіне енбейінше, мұндай ақпаратты біз бұқаралық ақпарат құрал­дарына жария ете алмаймыз. Мұны, мен сізге осы істің басы-қасында жүрген, жер қатынастарындағы заңсыздықтар бойын­ша түрлі соттарға қатысып, оны Парла­­мент деңгейіне дейін көтеріп жүрген кәсіби заңгер ретінде айтып отырмын. Тек соттың шешімі шыққаннан кейін, ол құжат қолымызға тигеннен соң ғана барып, олар бұл жерді заңсыз иеленді, міне латифундистер мыналар деп айта аламыз. Ал жалпы сіздің сұрағыңызға жауап ретінде олардың аты-жөнін атаған­ның өзінде де, бұл біздің жұмысымызға кедергі жасайды. Себебі мен үлкен жер комис­сиясының төрағасының орынба­­сарымын. Егер мен қазір Aiqyn газетіне осындай латифундис­тер бар деп атасам, онда мен маған жүктел­ген міндеттерді орындау барысында заңда­ғы шектеулерді бұзған болып саналамын. Бұл жерде жеке бас мәліметтері тура­лы заңнаманы айтып отырмын. Бізде барлық дерек бар. Әрбір жердің иесі, аты-жөні, ол – құпия мәлі­меттер. Егер мен сол тізімді жария ет­сем, сол латифундистердің адвокаттары менің үстімнен сотқа шағым түсіреді. Сондықтан да сізге ақпарат тара­туға кө­мектесу жо­лында заңды бұзуға бара алмаймыз. Оны өзіңіз де түсінесіз.

– Жерді пайдаланбай құр иелігінде ұс­тап отыратындарға қарсы, жалпы заңсыз жер иеленуге қарсы қандай шара қолдануды ұсынасыз? 

– Бұл – өте орынды сұрақ. Жаңа ті­зілім туралы, яки «қара тізім» туралы айт­тық. Оған енген меншік иесі 3 жыл жер ала алмайды дедік. Инспекцияның мате­риалы бар, жердің иегірілмегені толық процессуалдық іс жүргізуде расталған – соның негізінде ол мемлекетке қайтары­лады. Егер өз еркімен тапсырса, онда реестр­ге енбейді. Енді менің ұсынысым: тізілімге енген жер иелеріне жекеменшік құқын алуға және пайдалану құқын алуға тыйымды 3 жыл емес, 5 жылға дейін созу керек. Сонда бұл механизм одан да бетер күшейе түседі. Сонда ертең әрбір меншік иесі оның құқықтық салдарын біліп отырғандықтан, заңсыздықтарға батылы барып бара қоймайды.

Осы жерде тағы бір жаңашылдық ту­ралы айта кетсем, оны біз жайылымдар тура­лы заң жобасына енгіздік. Алла қа­ласа, екінші оқылымда қаралады. Жұ­мыс тобы қабылдаған бұл ұсыныс мына­дай: Жер кодексінің 92-бабында ауыл­­­шаруа­шылық мақсатындағы жердің иесі мал басының санын гектарына кемінде 20% жүктемемен сәйкес қылу керек де­лін­ген. Егер оған сәйкес бол­маса, ол ар­найы профи­лактикалық бақылауға түседі. Егер белгілі бір мер­зім­де ол кемшілікті жой­маса, сотқа талап-арыз беріледі. Сөй­тіп, жер пайда­ланылмағаны немесе иегі­рілме­гені үшін мемлекеттік меншікке қай­­тарылуы мүмкін. Біз енді бұл көр­сеткішті кемінде 50%-ға дейін деп көтеріп отыр­мыз. Яки, бұрын ол гектарына 2 жыл­қы ұстау қажет болса, енді 5 жылқы ұстау керек болады. Бұл мал басын арт­тыруды, әрбір меншік иесінің жеріне қо­сымша қаражат жұм­­сауын талап етеді. Енді бұрын­ғыдай, үл­кен жерді алып, оған аз ғана мал жайып, инспекторларға міне малым бар деп көрсете алмайтын болады. Бұл жауап­кершілікті күшейтудің амалы, жерді мемлекетке қайтарудың амалы, жайы­лымды тиімді басқарудың амалы. Бір жа­ғы экономикаға да үлкен септігі ти­мек. Жайылым туралы осы заң жобасы қабылданар болса, келер жылы тағы да 10 миллион гектар жерді, тіпті одан да көп жерді қайтаруға мүмкіндік туады. Сон­дықтан да осындай ұсыныста­рымыздан жақсы өзгерістер күтеміз.

– Жер ахуалы, әсіресе қай өңірде өткір тұр? Оны қайтарудағы күрделі тұстар қандай?

– Әр облыстың өзінің бөлек ерек­ше­ліктері бар. Мысалы, ең бір өзекті, ең бір қиын аймақ деп Алматы облысы мен Ал­маты қаласын айтар едім. Неге? Себебі Ал­маты шаһарының қаламаңы аймағы өте үлкен. Олар Талғар ауданы, Іле ауда­ны, Қарасай ауданы. Онда жемқорлық қатты жайлап кеткен. Ең кең тараған заң­бұзу­шылық – ауылшаруашылық мақ­­­сатын­­­­дағы жерлердің тағайындалу ныса­нын өзгерту, оларды бөлу, су қорғау, са­­­­ни­­­­тарлық қорғау аймақтарының, ерек­­ше қорғалатын табиғи аумақтарының мақ­сатын ауыстырумен, оларды жеке тұрғын үй құрылысына беріп жіберумен байла­­­нысты деректер. Сол жерлерде заңсыз құрылыс жүргізу, коттедждер, таунхаус, отбасылық демалыс орындарын салу сияқ­ты проб­лемалар Алматы қаласы мен облысында өте өткір тұр. Себебі бұл жерде ең негізгі на­зар әкімдікте, дегенмен өзара байла­нысқан құқыққорғау орган­дары да бар.

Одан бөлек, Астана және Шымкент қалаларын да атап өтуге болады. Онда да санитарлық талаптарға, құрылыс талап­тарына сәйкес келмейтін заңбұзушы­лық көп. Сол сияқты сейсмоқауіпті, тек­тоникалық, сел қаупі сынды нормалар сақталмаған.

Ал Жетісу, Шығыс Қазақстан, Қара­ғанды, Жамбыл облыстарында жер проб­лемасы көбіне ауыл шаруашы­лығымен байланысты. Мысалы, заңсыз конкурстар өткізіліп, оның нәтижесінде ауыл маңын­дағы мал жаятын жерлер жеке мекеме­лерге, адамдарға беріліп кеткен. ШҚО-ның, әсіресе Аягөз ауданында конкурс ұйымдастыруда фальсифика­цияға жол берген деректер өте көп. Ал Ақмола, Сол­түстік Қазақстан, Қостанай, Қызыл­­орда облыстарында үлестік пай дауы жиі кезде­седі. Оны ауылшаруашылық ірі кәсіп­орындар тудырып отыр. Пайшылар диви­денттерін ала алмай, ЖШС-ның қа­тары­­нан шықса үлесін ала алмай сан­далып жүр. Соттасып жатқан ауыл тұрғын­­да­рының қарасы қалың. Үлкен кәсіпорын­дар әкімдікпен ауызжаласып, пай­­­­шы­­­­лардың үлесін үшінші тұлғаларға сатып жіберген немесе банкке кепілге қойған. Алған несиелерін қайтармай, ол үлестер банкке өтіп кеткен. Бір сөзбен айтқанда, жер проблемасы қай өңірде де бар. «AMANAT» партиясы комиссия­­сының жұ­мысы барысында осындай ахуал қалып­тасқаны анықталды.

– «Жер аманаты» жобасының әлеуетін қалай бағалайсыз? Сіз бұған дейін де жер дауы мәселесімен айналысып жүрген прак­тик-заңгерсіз. Тіпті, бұл бағыт сіздің кәсіби ғана емес, азаматтық та пози­­цияңызға ай­на­лып кетті. Ендеше, партия сізге қан­ша­­лықты қолдау бола алды? 

– Жалпы, «Жер аманаты» комис­сия­сының потенциалы өте зор. Өйткені бұл қоғамдық ұйым енді ғана ашылып жатыр. Халық біртіндеп құлағдар болып келеді. Осыдан 7-8 ай бұрын біз сайлау­шылармен кездескенде, былайғы іс-шараларда жұрт­шылық: «Сендер бәлен­бай миллион гектар жерлерді қайтардық дейсіздер. Қайда солар?» деп сынай сұрақ қоятын. Қазір ондай арын басылған, біздің жұмы­сымызға халықтың көзі жетіп келе­ді. Бірақ сонда да сынаушылар бар. «Иә, қайтарып жатыр­сыздар, білеміз. Бірақ тау-тас, шөл жерлерді қайтарып жатыр­сыздар» дейтін­дер шықты. Қалай бол­ғанда да халықтың пікірі өзгерді. Демек, бізге әлі де жұмыс істей түсу керек. Әлі де жұмыс істейміз. Халықтың есінде бұл «Жер аманаты» комиссиясы әділдікті қа­лыптастырудың нақты тетігі ретінде қа­луы керек. Әлі алда 10 миллион емес, 20 миллионға дейін гектарлаған жер телім­дерін қайтаратын боламыз. Мен үшін «Жер аманаты» комиссиясы жәй ғана қоғамдық жұмыс емес, бұл жерде маған жалақы төленіп отырған жоқ, бұл менің азаматтық пози­циям, бұл менің адами, перзенттік көз­қарасым. Сол үшін де мен бар күш-қуа­тымды сарқа жұмсауға дайынмын. Өйткені бұл мен үшін беріліп отырған үлкен мүмкіндік. Жерді қайтаруды мен әлеу­меттік әділдік орнату деп айтар едім.

Одан бөлек, тағы да менің бас­тамам бойынша су мәсе­лелері жөніндегі комиссия құрыл­ғалы жатыр. Мен Пар­ламент Мәжілісінде «AMANAT» партиясы жанынан респуб­ликалық су комиссиясын құруға ұсыныс жасадым. Тиісті шешімдер жақында жарияланатын болады. Оның құрамына біраз Мәжіліс депутаттары, Бас проку­ратура өкілдері, Жер ресурсын бас­қару комитетінің басшылары, Су министр­лігінің өкілдері, өзге де өкілетті органның басшылары мен қызметкерлері енді. Заң­сыз иемденіліп кеткен су плотина­ларын, дамбалар, бөгендер – бір-бірімен ұш­тасқан проблемалар. Міне, соларды қай­тарған кезде біз «Жер аманаты» сияқ­ты үлкен жетістікке жететін боламыз.

Расында да, «AMANAT» партиясы өте үлкен бастамалардың катализаторы, қозғаушы күші болып отыр. Оның бар­лығы халықтың мұңынан, ұсыныс-тіле­гінен, ең бастысы аманатынан туында­ғанын ұмыт­­пауымыз керек. Сондықтан да партия менің азаматтық бастамала­рымды қанат­­тандыра түскен ұйым болды. Бірақ менің ойымша, мәселе қай пар­тияның қандай жұмыс істегенінде емес, ең бастысы, заңсыз кеткен жайы­лым жерлерді, мал жаятын жерлерінен айы­рылған жерлерді халыққа қайтару, игеріл­мей, пайдала­­нылмай жатқан жер­лерді мемлекетке қайтару. Қайтадан азаматтық айналымға шығару. Біздің парызымыз – халықтың үмітін халықтың сеніміне ай­налдыру. Қоғамдағы әлеуметтік әділет­тілікті қалыптастыру.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрлан ҚОСАЙ