Kcell, Tele2, Altel және Beeline компанияларының тарифіне қатысты тергеу басталды

2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша бағаның 7,7%-дан 57,3%-ға дейін айтарлықтай өсуі тіркелгені анықталды.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі абоненттердің бағаны көтеру туралы өтініштерін қарау аясында биыл тарифтік жоспарлардың шарттары мен ұялы байланыс қызметтеріне бағаның өзгеру динамикасын талдады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

2023 жылы ұялы байланыс операторларының тарифтік жоспарлары бойынша бағаның 7,7%-дан 57,3%-ға дейін айтарлықтай өсуі тіркелгені анықталды. Осылайша, 2023 жылдың мамыр-шілде айлары аралығында ғана ұялы байланыс операторлары өздерінің ресми сайттарында ақпаратты жариялап, ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызметтердің құнын бірінен соң бірі көтерген.

"Осыған байланысты, Кәсіпкерлік кодекстің 199-бабы  3-тармағын ескере отырып, бір күнтізбелік жылда бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттердің белгілерін қайта анықталуына байланысты Агенттік Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша қазір "Кселл" АҚ, "МТ–С" ЖШС (Tele2/Altel) және "Кар-Тел" ЖШС (Beeline) ұялы операторларына қатысты тергеп-тексеруді бастады", – делінген агенттік хабарламасында.

Сонымен қатар бұған дейін Агенттік ұялы байланыс операторларының бір минут сөйлесулердегі қоңыраулардың құнын және тарифтік жоспарлардағы бір SMS-ті белгілеу жөніндегі әрекеттерінде бәсекелестікке қарсы келісілген іс-қимылдардың белгілерін (Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы) анықтаған еді.

"Осыған байланысты ұялы байланыс операторларына бағаны негізді төмендету жолымен анықталған белгілердің тоқтатылғаны туралы хабарлама жіберілді. Ұялы операторлар хабарламаны белгіленген мерзімде орындамаған жағдайда Агенттік тергеп-тексеру жүргізу туралы да шешім шығарады", – деп қосты агенттік.