Павлодар облысында 12 елді мекеннің атауы қайта өзгеретін болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан «Павлодар облысының кейбір әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» бірлескен қаулы мен шешім жобасымен таныстырды.
«Бұл бірлескен қаулы мен шешім жобасы Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңына сәйкес енгізілді. Елді мекендерді қайта атау мәселесі 2023 жылғы 23 қарашада облыстық ономастика комиссиясының отырысында қаралып, оң нәтижеге ие болды», – деді Медет Тауасқан.
Аталған актіге сәйкес Павлодар қаласының Ленин кенті – Атамекен кенті, Железин ауданының Озерное ауылдық округі – Майлы ауылдық округі, Озерное ауылы – Майлы ауылы, Тереңкөл ауданының Бобровка ауылдық округі – Жаңа бет ауылдық округі, Федоровка ауылдық округі – Томарлы ауылдық округі, Федоровка ауылы – Томарлы ауылы, Верненка ауылдық округі – Алтай ауылдық округі, Львовка ауылы – Алтай ауылы, Воскресенка ауылдық округі – Әулиеағаш ауылдық округі, Воскресенка ауылы – Әулиеағаш ауылы, Березовка ауылы Аққайың ауылы және Трофимовка ауылы Қоржынкөл ауылы болып қайта аталады.
Басқарма басшысы актіде аталған мәселелерді қарап, оң шешім шығаруды сұрады. Облыстық мәслихат елді мекендердің атауын бірауыздан қолдады.