Ертіс, Іле және Шелек өзендерінде су электр стансасы салынады

Осы жобалар бойынша жобалау алды құжаттаманы әзірлеу жұмыстары жүріп жатыр.

Қазақстандағы Іле, Ертіс, Шелек өзендерінде су электр стансалары салынады. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz

«Самұрық-Энерго жобаларының портфелінде қазіргі кезде бірнеше су электр стансасын салу бойынша инвестициялық жобалар пысықталуда. Оның ішінде Іле өзенінде қуаттылығы 50 МВт Кербұлақ ГЭС, Ертіс өзенінде қуаттылығы 300 МВт-ға дейін Семей ГЭС  және Шелек өзенінде қуаттылығы 70 МВт ГЭС-29 бар. Осы жобалар бойынша жобалау алды құжаттаманы әзірлеу, сондай-ақ құрылыс үшін жер учаскелерімен қамтамасыз ету бойынша жергілікті атқарушы органдармен жұмыс жүргізілуде», – деді ол.

Оның айтуынша, Семей ГЭС жобасына қазіргі уақытта әлеуетті инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізілуде. Семей ГЭС-і бойынша Катардың Небрас Пауэр компаниясымен, Шелек өзеніндегі ГЭС бойынша қытайлық серіктес Пауэр Чайна компаниясымен ынтымақтастық қарастырылуда.

«Ал Кербұлақ ГЭС-ін өз күшімізбен салуды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталған гидрожобаларды іске асыруды аяқтау 2027-2028 жылдарға болжанып отыр. Осы ГЭС салу жобаларын ойдағыдай іске асыру үшін Энергетика министрлігімен инвестицияларды қайтару механизмін айқындау жолында бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз», – деді Қайрат Мақсұтов.