Щучинск қаласында жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылды

Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Щучинск қаласында «Гелиос» жанармай стансасына жанармай құюға тоқтаған жедел жәрдем жүргізушісі соққыға жығылды, деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Куәгерлердің айтуынша жанармай стансасына келген басқа жүргізуші көлігін дұрыс қоймай, жол бергісі келмеген. Ал жедел жәрдем бригадасы кезекті шақыртуға асығып тұрған. Арада жанжал туындап, оның арты төбелеске ұласқан. Полиция жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жығу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

«Осы жылдың 10 ақпанында Щучинск қаласында жанармай стансасында жедел жәрдем жүргізушісіне дене жарақатын салған ер адам анықталды. Қылмыстық іс қозғалып, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді Ақмола облысының Полиция департаментінен. 

Алайда екінші тарап полицияның тұжырымымен келіскісі жоқ. Олар жедел жәрдем жүргізушілерінің өздері кінәлі екенін айтып отыр. 

«Қазіргі уақытта менің жұмысшымды босатты. Одан әрі уақыт көрсетеді. Бірақ мен сенімді түрде мұны осылай қалдырмайтынымды айта  аламын. Оның үстіне жедел жәрдем жүргізушісі бірінші болып менің жұмысшыма қол көтерді. Ал жедел жәрдемнің екінші жұмысшы оны шалып құлатпақ болды. Іс жүзінде олар екеулеп шабуыл жасады. Бейнежазбада көрінгендей менің жұмысшым бірде-бір мәрте олардың ешқайсысын ұрған жоқ. Біз жоғарыда аталған жедел жәрдемнің жұмысшыларына арыз жаздық. Олар ешқандай шақыруға да асыққан жоқ. Өйткені көліктің үстіндегі жарқырауық шамдары да жанбаған. Олар жанармай құю стансасына келіп кезексіз жанармай құйып алмақ болған», - дейді Руслан Бриншинов. 

Қазір оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Естеріңізге сала кетсек, дәл осыған дейін Қарағанды облысында дәл осындай жағдай болып, қоғам тарапынан үлкен резонанс туғызған еді. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы