Ұлыстың ұлы күнін тойлауға түркістандықтар қызу кірісіп кетті. 12 күн ішінде түрлі мерекелік шаралармен жалғасатын Наурыз мейрамы ерекше тойланғалы жатыр. Айталық, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің жанынан бой көтерген «Этноауыл» алаңы қала тұрғындары мен алыс-жақыннан келетін қонақтарға тосынсый жасамақ. Бүгін облыс әкімі Ө.Шөкеев қасиетті кесененің жанынан бой көтерген «Этноауыл» алаңындағы ежелгі Түркістанның нобайын көзбен көріп, жасалып жатқан жұмыстармен танысты. Айта кетейік, бірегей жоба Наурыз тойына келген қонақтар мен шетелдік саяхатшылар үшін тарихы терең қазақ мәдениетімен толығырақ танысуға жақсы мүмкіндік береді. Көне ғасыр мекенінде саз балшықтан үйлер тұрғызылып, ағаштан құрастырылған қоршаулар мен көпір, өткелдер орнатылған. Әсіресе, сырттан келген шетелдіктер мұнда көне ғасыр кейпіндегі үйлерді аралап, сол дәуірдің асханаларынан дәм татып, шеберлер көшесі мен ертегілер мекені, сарбаздар ауылы және шығыс базарының үлгісін өз көзімен тамашалай алады. Наурыз мерекесі күндері бабалар дәуіріне саяхат жасататын көшпелі ауылда киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ойнатылады. Құрылыс барысы тарихи нысанның сақталу талаптары ескеріле отырып жүргізіліп жатыр. Өткен мыңжылдықтан сыр шертетін Қазақ ауылы 14 наурызда ашылады. Өмірзақ Естайұлы кесенеге барар жолда орналасқан Қашқари гүл бағын көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарын көрді. Саябақ санының артуы шаһардың экологиялық ахуалын және эстетикалық бейнесін жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар өңір басшысы бұрынғы әкімдік ғимаратында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Есімхан алаңында орналасқан ғимарат енді заманауи қонақүйге айналады. Өңірде туризм саласын дамыту мақсатында жарты жылда қолжетімді, әлемдік стандартқа сай жаңа қонақүй кешені ашылады. Сонымен қатар облыс әкімі теміржол вокзалы алдындағы аллеяның күрделі жөндеу жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда аяқжол төсеу, жарық көздерін және орындықтар мен қоқыс жәшігін орнату, кіші архитектуралық пішіндер қою жоспарлануда. Сондай-ақ су ұңғымасы қазылып, декоративті ағаш көшеті отырғызылады. Алдағы уақытта теміржол вокзалының ішкі жүйесі де заманауи талапқа сәйкестендірілмек. Қалаға келген туристер үшін ақпарат алу бекеті сынды жүйелерді қою көзделген. Күрделі жөндеуден өткен аллея Наурыз мерекесі қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Ұлыстың ұлы күнін түстіктегілер 12 күн бойы атап өтуді көздеп отыр. Түркістан қаласы әкімдігі ұсынған Ұлыстың ұлы күніне орай 12 күн бойы өтетін шаралар бағдарламасына назар аударсақ, тойлау 14 наурыздан басталып, 23-24-іне дейін жалғасады. Тельман БЕЙСЕН, Түркістан облысы