Қазақстанда азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған заң жобасы қабылданады, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда қаралды.
Әділет министрі Азамат Есқараев заң жобасының негізгі бағыттарына тоқталып, түсіндірді.
Сондай-ақ ол азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған шаралар жайлы айтып берді.
Олар мыналар:
- азаматтарды қылмыстық қудалау шеңберіне негізсіз тартуды болдырмау;
- бұзушылықтарды және сотқа дейінгі тергеп-тексерудің толықтығын қамтамасыз ету үшін істі «пысықтауға» прокурорға қайтару мүмкіндігін болдырмау;
- кәсіпкерлік субъектілерін ревизиялау және тексеру ісін жүргізуді прокурормен міндетті түрде келісуді белгілеу;
- тінту, жеке тінту және алуды жүзеге асыру бойынша санкцияның 10 күндік мерзімін белгілеу;
- бұрын «қорғалуға құқығы бар куә» ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу;
- адамдардың өліміне байланысты емес аса ауыр қылмыстардың жекелеген түрлері бойынша кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу мүмкіндігін беру;
- қорғалуға құқығы бар куәні сараптамаға бастамашылық жасауға құқығы бар адамдар шеңберіне біріктіру;
- жазаның мөлшерлес болуын, сондай-ақ бас бостандығынан айырудың баламасын қамтамасыз ету мақсатында кейбір қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша еселенген айыппұлдарды енгізу.