Әлеуметтік желілер «уытты» контентті балалардан жасыруға міндетті

Егер әлеуметтік желі қауіпсіздіктің жаңа ережелерін сақтамаса, 18 жасқа толмаған балаларға оны қолдануға тыйым салынады. Қабылданған ережелер қатаң, онда интернеттегі балалар құқығын қорғауға барынша мән берілген.

Парламент қабылдаған интернеттегі балалардың қауіпсіздігіне арналған заңға ағылшын ата-аналардың көңілі толмайтынын BBC News сайты жазды. Осы материалға сілтеме жасаған Aikyn.kz жаңа заң мен ережелердің талаптарын талдайды.

Британдық медиа саланы реттеуші Ofcom басқармасы технологиялық компаниялардан жасты тексеру шараларын күшейтуді және балаларды «уытты» материалдан аулақ ұстау үшін алгоритмдерін қайта құруды талап ететін жаңа ережелердің жобасымен таныстырды.

Бірақ зиянды онлайн контенттен зардап шеккен балалардың ата-аналары ұсынылған жаңа ережелерді «жеткіліксіз» деп атады. Олар BBC-ге өзгерістердің ұлудың жүрісіндей өте баяу қарқынмен қабылданып жатқанын айтуда.

Жауап ретінде Meta және Snapchat 18 жасқа толмаған балалар үшін қосымша қорғаныс бар екенін мәлімдеп, ата-аналарға балаларының интернет платформаларда не көретінін бақылау үшін арнайы құралдар ұсынды. 

Ата-аналарға балаларының интернет платформаларда не көретінін бақылау үшін арнайы құралдар ұсынылады. Фото kanal-o.ru сайтынан алынды

Ofcom басшысы Мелани Доус ұсынылған ережелердің жобасын бұзған кез келген компания «қоғам алдында аталып, масқара болады» деді және ол балаларға арналған әлеуметтік медиа сайттарына тыйым салу сияқты қатаң шаралар да қарастырылатынын айтты.

Коммуникация басқармасы (Office of Communications, Ofcom) –  хабар тарату, телекоммуникация және пошта салаларына Ұлыбритания үкіметі тағайындаған реттеуші және бәсекелестікті сақтауды қадағалайтын мемлекеттік орган. Ofcom-ға теледидар, радио, телекоммуникация және пошта қызметтеріне қатысты кең өкілеттіктер берілген.

Ofcom «Интернеттегі қауіпсіздік туралы» заң қабылданғаннан кейін жаңа, қатаңырақ ережелерді қолдануға көшті, ережелер жиынтығында технологиялық компаниялар заңға бағыну үшін не істеу керектігі анық жазылған. Ofcom әлеуметтік желілер үшін 40-тан астам «практикалық талаптар» бар дейді.

Желілер балаларға зиянды контентті қайта-қайта ұсынады және бұл қалыпты жағдайға айналған, мұны өзгерту керек. Фото vlpravda.ru сайтынан алынды

Ofcom өкілдері әлеуметтік желілер балалар көруі мүмкін зиянды контентті сүзгіден өткізіп, уытты контентті көрсетпеу үшін алгоритмдерін өзгертуі керек дейді. Ережелер жиынтығында балалардың жасын неғұрлым қатаң тексеру, сондай-ақ контентті модерациялау, соның ішінде іздеу жүйелерінде жағымсыз материалды шектейтін «қауіпсіз іздеу» мүмкіндігін енгізу талап етілген.

«Желілер жастарды өздерінің арналарында зиянды контентпен қайта-қайта тамақтандырады және бұл қалыпты жағдайға айналды, бірақ мұны өзгерту керек», – дейді Мелани Доус.

Жаңа шаралар Ofcom кестесіне сәйкес, 2025 жылдың екінші жартысында күшіне енеді. Ата-аналардан құрылған белсенді топ саясаткерлерді балалардың интернетте қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көбірек жұмыс істеуге, психикалық денсаулық пен суицидтің алдын алуды мектеп бағдарламасына енгізуді сұрайды.

Әлеуметтік желілер балалардың өздерін қауіпсіз сезінетін орта құруға қатысуы тиіс. Фото mama-likes.ru сайтынан алынды

Snapchat өкілі: «Жастар арасында танымал платформа ретінде біз қауіпсіз және оң тәжірибе жасау үшін қосымша жауапкершіліктеріміз бар екенін білеміз. Біз «Интернеттегі қауіпсіздік туралы» заңның мақсаттарын қолдаймыз және Snapchat-тағы қауіпсіздікті дәлелдеу үшін сарапшылармен ашық жұмыс істейміз», – дейді.

Мета өкілінің айтуынша, әлеуметтік желі жастардың «өздерін қауіпсіз сезінетін ортада басқалармен байланыста болғанын» қалайды. «Зорлық-зомбылыққа шақыратын, суицидке, өзіне зиян келтіруге итермелейтін контент біздің саясатымызды бұзады және біз мұндай контентті тапқан кезде өшіреміз», – дейді олар.

Балалар мен жасөспірімдердің денсаулығына әлеуметтік желілердің зияны туралы қазақстандық қоғам да жиі мәселе көтереді. Елдің болашағы – жастардың – таза, әділетті ақпараттық ортада өсуі керектігін билік те, қоғам да, ата-аналар да түсіне бастағаны қуантады.

 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.