«AMANAT» партиясының «Жер аманаты» жобасы аясында Қызылорда облысы бойынша жыл соңына дейін пайдаланылмай немесе заңсыз мақсатсыз пайдаланылып жатқан 70 мың гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.
«Жер аманаты»: Сыр өңірінде 19 мың гектардан  астам  жер мемлекет меншігіне қайтарылды
6,158
оқылды

Соның нәтижесінде жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы 19 мың 493 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл жайында партияның Қызылорла облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешованың төрағалығымен өткен филиал жанындағы “Жер аманаты” комиссиясының кезекті отырысында мәлім болды.  

Комиссия отырысында Сырдария, Жаңақорған аудандарында «Жер аманаты» жобасының іске асырылу барысы, өңірде пайдаланылмай немесе заңсыз, мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлерге қатысты шара қолдану мәселелері қаралды. 

Жалпы Сырдария ауданы бойынша ағымдағы жылы 10000 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін мемлекетке қайтару жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге соның жалпы көлемі 5250 гектарды құрайтын 6 жер учаскесі ауданның арнайы қорына қайтарылды. 

Аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетовтың айтуынша, мұнан бөлек, биылғы жылы мерзімі аяқталатын 16 190 гектарды құрайтын 21 жер учаскелері бар. Сонымен қатар, пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы көлемі – 677,0 гектарды (жайылымдығы – 603,0 гектар) құрайтын 11 жер учаскесі бойынша облыстық жер ресурстарын басқару департаментіне қолданыстағы заң талаптарына сəйкес тиісті шаралар қабылдап, мемлекет меншігіне қайтару мақсатында ұсыныс жолдаған. 

«Жалпы аудандағы жер пайдаланушылар мен меншік иелеріне ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін нысаналы мақсатына сəйкес пайдалану бойынша жүргізілген түсіндірме жұмыстары нәтижесінде жер пайдаланушылар шамамен 6000 гектар болатын жер учаскелерін қайтаруға ниетті»,- дейді  атқарылған жұмыстар бойынша хабарлама жасаған аудан әкімінің орынбасары Роллан Еспенбетов.

Ал, Жаңақорған ауданы бойынша 4000 гектар қайтару жоспарланған. Қазіргі таңда, осындай 4325 гектарды құрайтын 13 жер учаскесі мемлекеттің меншігіне қайтарылып, жоспар артығымен орындалып отыр.

Жиын барысында партияның облыстық филиалының Атқарушы хатшысы жауапты мамандарға қайтарылған жерлерді халық игілігіне жарату үшін қайта табыстау бағытындағы жұмыстарды ккүшейтуді жеткізді. Осы мақсатта комиссия отырысы хаттамасымен қала, аудан әкімдеріне жер иелерімен жұмыс жүргізуді және мал басы тіркелмеген жағдайда оларды қайтару жөнінде шаралар қабылдау қажеттігін мәлімдеді. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, Қызылорда облысы