Таразда түнде болған жарылыстың себебі анықталды

Қалалық әкімдік мәліметінше, кеше сағат 21.41-де Қарасу шағынауданындағы 26-үйдің кіреберіс асфальт жабындысы жарылып, жер дүмпуі естілген.

Қалалық газ шаруашылығы қызметі газ талдау құрылғысымен зерттеп, газ құбыры өтпейтінін жеткізді және газ жарылмаған деген қорытынды жасады, -  деп жазады Aikyn.kz.

"Басқа коммуналдық қызметтер де өздерінің желілерін зерттеп, жасалған қорытынды нәтижесінде сағат 21.44-те Тараз қаласы Самал шағынауданында орналасқан 110/6 кВ-тық "Рысбек" подстанциясындағы 414-ұяшықтан шығып №10-тарату пунктіне баратын жоғары кернеулі жерасты кабелі істен шыққаны анықталды. Авариялық өшу кезінде ұяшық автоматты түрде өшіп, жерасты кабелі электр қуатынан ажыратылған. 110/6 кВ-тық электр кабелі оқиға болған жерден өтеді. Сағат 22.47-де жарықсыз қалған 10-шағынауданда резервті желілермен электр қуаты қалпына келтірілді", - деп жазылған хабарламада.

Оқиға болған жерде жерасты кабелі тоқтан ажыратылып, қауіпсіз жағдайға келтірілді. Жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.