Осы орайда Астана қаласында 200 мыңнан астам баланы жазғы демалыспен қамтуға 97 мектеп жанындағы лагерь, 75 бейіндік және 20 этнолагерь жұмысын бастап кетті. Түрлі бағыттағы жазғы сауықтыру орындары балалардың шығармашылығын шыңдап, белгілі бір өнерге, кәсіпке ебін қалыптастырады. Биылғы ұйымдастырылып жатқан жазғы лагерьлердің ерекшелігі де осында. Қазір алғашқы маусымы мәреге жеткен лагерьлер жұмысы жаңа маусымын бастауға да сақадай сай тұр.
Дәстүрмен ұштасқан демалыс
Елордадағы Смағұл Сәдуақасов атындағы №78 мектеп-гимназияның жазғы лагері ерекше өтіп жатыр. Жақында мектеп жанынан ашылған лагерь жұмысымен танысып, этно сипаттағы бағдарламаларды тамашалап қайттық. ЭтноАрт «Мирас» лагерінің ұйымдастырушысы – аталған мектеп-гимназияның көркем еңбек пәні мұғалімі Ләззат Атыбай. Оның айтуынша, этнолагерьде ұлттық құндылықтар дәріптеледі. Қыздар киіз басып, ұршық иіруді үйренсе, ұлдар қамшы өріп, ат әбзелдерін жасауды меңгереді. Этно стиліндегі демалыс орны болғандықтан, қазақ ауылының «вайбы» жасалған. Оқу орнының ауласында орнатылған үлкен ақ киіз үй айрықша өң беріп тұр. Киіз үйдің жанына алтыбақан тұрғызылып, жер ошақ та орнатылыпты. Аула ортасындағы киіз үй күн сайын мектеп мұғалімдері мұқият жоспарлап, ұйымдастырған түрлі іс-шараға толы. Дәстүрмен ұштасқан лагерь үш ай бойы жалғасын табады. Бір маусым екі аптаға созылып, осы уақыт ішінде үздік нәтиже көрсеткен балаларға марапаттар да ұсынылады екен. Лагерьдің алғашқы күнінде-ақ балалар жаңа дағдыларды үйреніп, жаңа қырынан көрініп үлгерген.
«Этнолагерь жұмысын бастамас бұрын, алдымен оның сыртқы көрінісін ерекше безендіруді жоспарладық. Ауыл көрінісіне келтірілген аулада балалар өздері қызыққан іспен айналыса алады. Кішкентай демалушыларымыз ұлттық қолөнер бұйымдарын жасап қана қоймай, қазақтың әндерін, «Менің атым Қожа» киносындағы «Туған жер» әнін, өзіміздің лагерь әнін жаттап, таңертеңгілік жаттығуларды буын-буыны қозғалатын «Қара жорға» биімен бастайды. Осылайша, әр бала өзі қызыққан бөлімдерге бөліне бастайды. Қазір басқа мектептерден келген балалар да бар. Барлығының бірдей қызығушылығын арттыру үшін өткенде бір күн табиғат аясына шығып, бауырсақ пісіруді, сірне, қуырдақ қалай жасалу керегін үйреттік. Мектепте өріп үйренген қамшы мен ат-әбзелдерін қалай, қай жерде қолданатынын да көрсеттік. «Жастайынан үйретсең тасқа ойған таңбадай, қартайғанда үйретсең суға құйған ақ сүттей» деген сөз бар ғой. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларынан бастап қолөнермізді дәріптеп жатсақ – еңбегіміздің зая кетпегені», – дейді мұғалім.
Біз әңгіме етіп отырған этнолагерьдегі бармағынан бал тамған шебердің барлығы – осы мектеп мұғалімдері. Сазбалшықтан құмыра жасау, қамшы өру, жүн сабап, тоқыма тоқуды және ұлттық ойындарды үйретуге әртүрлі пән мұғалімі атсалысып жатыр. Осындай ерекше жұмысқа кіріспес бұрын тарихшылар олардың пайда болу тарихымен таныстырып өтеді. Кейін қолөнер бұйымдарын жасап, бояулармен сурет салып, түрлі аппликациядағы бейнелерді қиып желімдейді. Мұндай танымдық жұмыс кезінде оқушылар шапшаң сөйлеуді үйренеді, оқу жылдамдығын дамытады, қатарластарымен бірге топтық жұмыс істеуге де бейімделеді. Баланы еңбекке баулу және өз ұлтының дәстүрімен, тарихымен сусындатып шығаруды шамшырақ етіп алға қарай беттеген мектеп ұжымының еңбегі ұшан-теңіз. Екі аптаға созылған бірінші маусымда 75 бала қатысты. Бұл – үш топқа бөлінген бала саны. Ұйымдастырушының айтуынша, алдағы уақытта демалушы балалар саны артса, топтар саны да қосылуы мүмкін.
«Қамшы өрімінің бірнеше түрі бар. Қазір үйренем деген баланың саны көп. Сондықтан кейде қайыс жетпей қалады, сол кезде оның орнына пайдаланатын жіптер болады. Сол арқылы қамшыны төрт таспамен өруге болады. Сегіз таспамен өрілген төрт қырлы қамшы күрделірек болса да, оқушылар лезде үйреніп алып жатыр. Мектептің көркем еңбек оқулығында қамшыны өру тақырыбы жоқ. Балалардың жазғы демалысын тиімді өткізуге арналған лагерьдің мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өзім білетін өнеріммен бөлісіп отырмын. Қазір көп мектептте, әсіресе елордалық білім ошақтарында ат-әбзелдерін жасау, қамшы өру сияқты қолөнер сабақтары мүлде өтпейді. Ал бұл ер жігіттің бәрі білуі керек болған өнер деп санаймын», – дейді көркем еңбек пәнінің мұғалімі Ақжол Жалынышұлы.
Осылайша, мектеп кез келген талғамға сай көптеген іс-шара арқылы балаларды қызықтырып, жазғы демалысын тиімді өткізудің таптырмас мекеніне айналған.
Шынықсаң шымыр боласың
Балалардың ұлттық дүниетанымға деген көзқарасын қалыптастырудан бөлек, денсаулыққа да көңіл бөлу керегін ескерген. Спорттың әртүрінен осындай жазғы сауықтыру орындарының бірі – №32 мектеп-гимназиясы жанынан ашылған Dostyk camp спорт бағытындағы лагері. Лагерьде спорттың барлық түрі қамтылған: футбол, шағын футбол, волейбол, баскетбол, үстел тенисі, ұлттық ойындар атап айтсақ асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ, арқан тартыс, еркін күрес, дзюдо және каратэ бар. Лагерьде 12-15 жас аралығындағы 78 бала қамтылған.
«Спорттық лагерь 3 маусымда басталған. Спорттық секция жетекшілері оқушылармен жаттықтыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Спорттық секциялар жеткшілерінің негізгі мақсаты – оқушылардың денсаулықтарын нығайту, таңдап алған спорт түрлерінен қабілеттерін дамыту, халықаралық аренада спорт түрлерінен халқының намысын корғайтын мықты ұл-қыздар өсіру, мектепке көпшілік спорт бағытында көмек беру, спортты насихаттау. Лагерьдің бірінші кезеңі шығармашылық және кәсіби бағытта өтті. Ал екінші кезеңді арнайы спорт бағытында ұйымдастырып отырмыз. Осындай спорт лагерьлерінің арқасында оқушыларымыз асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ ойындарынан қалаішілік жарыста 3-орын иеленді», – деді № 32 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Шалахаев Бекайдар. Оның айтуынша, сабақтан тыс шұғылдану күнделікті өтетін сабақ түріне қарағанда балаларды тәртіптілікке, бастамашылдықты алдын ала ойластыруға, мәдениетті демалысқа үйретеді. Бұл елеулі дәрежеде шұғылданушылардың бейімділігі мен көңіл-күйіне тәуелді.
Ал әрбір баланың ішкі әлеуетін іске асыру үшін №91 мектеп-гимназиясының жазғы лагері үш бағытта ұйымдастырылған. Бірінші бағыты «Жазғы-camp» деп аталады. Мектеп жанындағы бұл лагерь сауықтыру және физикалық даму тұжырымдамасына негізделген. Мұнда балалар танымдық интеллектуалды ойындарға, эстафеталарға, пикниктерге, тақырыптық сапарларға және тағы басқа қызықты танымдық іс-шараларға қатысады. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Ораққызының айтуынша, лагерьдің медициналық қызметкерлері әр баланың денсаулығын бақылай отырып, үнемі тексерулер жүргізіп отырады. Бүлдіршіндер ұстаздарымен бірге «қазақша күрес», «арқан тарту», «садақ ату», «тоғыз құмалақ» сияқты бірқатар ұлттық спорт түрін үйренеді, туризм және өлкетану бойынша білімдерін тереңдете түседі әрі экологиялық мәдениет қалыптастырады.
Білімпаз бағдарламалары
Балалардың денсаулығын сауықтыру және білім беруді мақсат еткен жазғы демалыс бағдарламасында «Этно-camp» киіз үй лагері мен «Бақыт-camp» бейіндік лагері бар. Бұл бағдарлама бойынша оқушылар бақытты балалық шақтың дәмін татып, рухани дүниесін кеңейте түсуге зор мүмкіндік алады. Мысалы, «Этно-camp» киіз үй лагері мемлекеттік тілді, Қазақстан тарихын зерделеуге, «Ақ кимешек – бабалар аманаты» қоғамдық ұйымымен бірлесіп ұлттық құндылықтарды сіңіруге бағытталған.
Аталған тартымды да қызықты шаралар балалардың ана тілге деген құрметін арттырып, ұлттық тарихқа, мәдениетке, салт-дәстүрге, деген мақтанышын күшейте түсетін кешенді шара болып табылады. «ЭTNO-camp» лагері тек демалыс орны ғана емес, балаларға өз Отанын, тілі мен тарихын, мәдениеті мен дәстүрлерін жақсы білуге, сүюге баулитын маңызды білім беру жобасының жұмысын атқарып отыр. Сонымен қатар бейіндік оқытудың да әртүрлі бағыты ұсынылған. Бұл бағыт бойынша балалар жан-жақты дамып, білім көкжиегін тағы да кеңейте түсері сөзсіз.
«Лагерьде ең кішкентай балалар үшін қазақ тілінде оқытатын ОQU-Camp отряды, орыс тілінде оқитын бастауыш сыныптар үшін «Smart-Бала», жас зерттеушілер үшін «Лингва-Sience» отрядтары ұйымдастырылды. Онда оқушылар эксперименттер жүргізіп, қызықты жобаларға қатыса алады. Ал шығармашылық бағыты басым балалар өздерін «Көркем-арт» отрядының көркемсурет студияларынан тапса, болашақ инженерлер – STEM-зертханада модельдер жасау үшін заманауи құралдармен жабдықталған техникалық зертханаларға жайғасады. Математикаға бейімі бар оқушылар да назардан тыс қалмаған. Олар Math-Camp, «Интеллектум» отрядтары, спортшылар үшін – Sport drive, жас аспаздарға – «JAS кондитер» отрядтары ұйымдастырылды. Аталған бағдарламада оқушылар үш тілде жобалар жасайды», – дейді Г.Ораққызы. Мұнда балалар зерттеу жұмысымен айналысады. Зерттеу барысында өсімдік тұқымының өнуінен бастап компост дайындауға дейінгі кезеңдерді көзбен көріп, мектеп ауласына көшет отырғызады.
Бұдан бөлек, мектеп жанындағы жазғы лагерьде түрлі бағыттағы фестиваль өтуде. Әр маусымның он күні белгілі бір тақырыпқа байланысты аталып өтеді. Мысалы, «Патриот» күні барлық балалар Мемлекеттік туды әспеттейтін көк және сары түсті киім киіп, Әнұран шырқап, Мемлекеттік рәміздер насихатталады. «Мемлекеттік тіл» күні де балалардың бойындағы патриоттық сезімді оятуға ерекше әсер ететінін айта кеткен жөн. Сауықтыру лагерінің тағы бір ерекшелігі балалар мен жетекшілері қызықтайтын өздері жасаған баскиімдерін киетін «Телпектер күні». Мектеп лагеріне жауапты тұлғалардың айтуынша, жоғары сынып оқушылары өз бастамасымен жазғы демалыс кезінде ерікті болып жұмыс істеп, мұғалімдерге сабақтар мен конкурстар өткізуге көмектеседі.
Білім беру ошақтары баланың жан-жақты дамуына, жазғы демалысының дұрыс ұйымдастырылуына және өскелең ұрпақтың отансүйгіштік қасиеттерге баулитын орталық екенін көрсетеді. Осындай ғажап көңіл-күй сыйлаған лагерьлер баланың танымын арттырып қана қоймай, ұстаз бен оқушы арасындағы қарым-қатынасты бекемдей түсіп, адам мен табиғат арасындағы байланысты да жақсартатыны анық.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ