«AMANAT» партиясының депутаттары қысқы сапар барысында 644 елді мекенде 1,5 мыңға жуық кездесу өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Жеке мәселелер бойынша қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырды. Яғни, депутаттар назарынан ешбір елді мекен, мәселе көтерген тұрғын тыс қалмады. Сайлаушылардан мыңнан астам ұсыныстар мен талап-тілектер жинақталып, Үкіметке берілді. Бұл туралы «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев айтты.
«Бұлардың артында халықты толғандырып жүрген жүйелі мәселелер, түйіні тарқатылмай келе жатқан мыңдаған түйткіл мен он миллион адамның тағдыры жатыр. Үкімет үшін дайын Жол картасы деуге болады. Дегенмен Үкіметтен мыңнан астам сұрақтың басым бөлігіне сырғытпа жауаптар мен формальды ұсыныстар келді. Оның ішінде МӘМС бойынша қаражат аударғанымен, тиісті медициналық қызмет ала алмаған азаматтардың, «Ауыл – ел бесігі» жобасына кірмеген проблемалық ауылдардың, уақытылы индустриалды сертификат ала алмай сарсаңға түскен кәсіпкердің, әлеуметтік пакетсіз ішкі істер органдарынан зейнеткерлікке шыққан ардагердің жанайқайы мен талап-тілектері бар. Тағы бір жайт – жергілікті жерде шешілуі тиіс мәселелердің республикалық деңгейге көтерілуі тағы бар. Сонымен қатар азаматтар жылдан-жылға созылып, жүйелі шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелерді көтеріп жатыр», – дейді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Е. Бейсенбаев.
Әсіресе бірінші кезекте халықты бағаның өсуі, табыстың төмендігі проблемасы қатты алаңдатады. Осыған фракция жетекшісі елдегі ең маңызды мәселелерге тоқталып, Үкімет мүшелері мен министрліктерді сынға алды.
Ел тұрғындарының тапқан табысының тең жартысы азық-түлікке жұмсалып, кедейшілікке тап болғандардың саны бір миллион адамнан асып кетті. Бұл – бір.
Екінші. Жұмыссыздық мәселесі халықты ерекше алаңдатып отыр. Сайлаушылармен кездескенде, бұл да жиі көтерілген мәселенің бірі болды.
"Министрлік жылына 950 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтыдық" дейді. Бұл цифрға сенетін тек министрліктің өзі ғана болар. Расында, ашылған жұмыс орындарының басым бөлігі уақытша, табысы аз салаларда. Тұрақты жұмыс орындарын ашу ісі мардымсыз ұйымдастырылып жатыр.
Үшінші. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету проблемасының жалғасып келе жатқанына ширек ғасыр болды. Осы санатта кезекте тұрғандар саны – 640 мың адам. Жақын арада бұл көрсеткіш 1 миллионнан асуы мүмкін.
Бұл мәселені ескертіп келе жатқанымызға үш жылдың жүзі болды. Сең қозғалар емес.
Төртінші. Ірі қалалардың тұрғындары саяжай алқаптары мен агломерация проблемаларын көтеруде. Мысалы, Алматының іргесіндегі саяжайларда 100 мың, Астанада 50 мың, Алматы облысындағы саяжайларда 250 мың адам тұрады. Еліміз бойынша дачалық массивтерде шамамен 700 мыңнан астам адам саяжайды баспана етіп отыр.
Бұл ертелі-кеш шешімін табуы тиіс маңызды мәселе. Өйткені саяжайдың көбі тұрақты тұратын баспана мен ірі-ірі ықшамаудандарға айналған. Ал Үкімет осы мәселе бойынша нақты шешімдер қабылдар емес.
Бесінші. Президент бастамасымен қолға алынған бірегей білім жобасы – «Жайлы мектептің» де жыры таусылар емес. Өңірде әлі күнге дейін мемлекеттік сараптамадан өтпеген жобалық-сметалық құжаттамаға, мердігерлерге және инфрақұрылым тартуға байланысты маңызды мәселелер шешілмеген.
Президентіміздің – еліміздің ауыл жастары Финляндиядағыдай үздік мектептерде білім алса деген ойы тағы да белгісіз уақытқа шегеріліп отыр. Биыл 1 қыркүйекте салынып бітуге тиіс 217 мектептің небәрі 90-ға жуығы ғана берілетіні анықталып отыр.
Алтыншы. Оңтайландырылмаған МӘМС мәселесі денсаулық сақтау жүйесін де, жұртты да сарсаңға салуда.
Осынау халық үшін ең маңызды салада қаржының тиімсіз бөлінуі медицина мекемелерінің жеткілікті қаржыландырылмауына әкеліп отыр. Оның соңы тегін медициналық қызмет халыққа қолжетімсіз болып отыр. Адамдар ақылы емханаларға жүгінуге мәжбүр. Міндетті тегін медициналық қызметті алуға тиісті «бала көтерген» жас аналарымыздың өзін, көптеген емханаларда 1 жылдық МӘМС-ке жарнасын міндеттеп төлетіп жатқан фактілерді естіп, төбе шашымыз тік тұрды.
Демографияға елеулі үлес қосуды армандаған жас аналарды, «МӘМС-те төлеміңіз жоқ» деп сарсаңға салу, барып тұрған бассыздық. Келесі мәселе, ауыл әкімдерінің құзыреті жайлы. Шыны керек, бүгінде ауыл әкімінен ауылдағы шаруа қожалығының беделі жоғары. Өйткені ауыл әкімінде жеткілікті құзырет әлі жоқ. Өздігінен мәселе шешуге қауқарсыз. Сондықтан сайланғанымен, сайлаушыларының талабын орындауға келгенде күмілжуге мәжбүр.
Бюджет тек облыста болғандықтан, ауыл тұрмақ, аудан әкімдерінің өзі әлеуметтік нысандарын салуға тіпті жобалау-сметалық құжаттаманы да дайындай алмайды. Осы мәселені де оңтайлы шешу керек. Біз ауыл әкімдерінің құзыретін арттыруды көтеріп келе жатқанымызға 2 жыл болды. Алайда Президент реформасымен іске асқан маңызды саяси бастама Үкіметтің салғырттығынан тиісті нәтиже бермей отыр.
Әріптестер, айта берсе, мәселе көп. Мен негізгілеріне ғана тоқталдым. Әрине, Үкімет те қол қусырып қарап отырған жоқ. Десе де бірқатар Үкімет мүшелері, кейбір министрлер тікелей өз міндеттерін білмейтін немесе оған немқұрайды қарайтын секілді.
– Депутаттар барлық мәселеден хабардар. Елмен етене араласып, әрбір мәселені шешу үшін жұмыс жасап жатыр. Бүгінгі талқылаудан тиісті қорытынды шығарып, әрбір министрлік өзіне тиесілі мәселелер бойынша арнайы іс-қимыл жоспарын қабылдауы қажет деп ойлаймыз. Айтылған сөз, берілген уәде – орындалуымен құнды екенін қаперімізден шығармайық, әріптестер! – деді «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.