Тағы да балабақша тәрбиешісі балаларды ұрған

Павлодардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші балаларды ұрған.

Келеңсіз жағдай ата-аналар бейнебақылау камераларының жазбаларын көргісі келген кезде анықталды. Видеода тәрбиеші балаларға дөрекілік танытып, итеріп, басынан ұрғаны көрсетілген, – деп хабарлайды Аikyn.kz сайты Azattyq Rýhy-на сілтеме жасап.

Қалалық білім беру басқармасы түсініктеме беріп, тәрбиешінің жұмыстан шығарылғанын хабарлады.

«1 шілде күні Павлодар қаласындағы №79 балабақшасының ортаңғы топ ата-аналары бейнебақылау камераларын көруге рұқсат сұрап, балабақша жетекшісінің міндетін атқарушыға жүгінді. Бейнежазбалардан тәрбиешінің балаларға дөрекілік көрсеткені көрген. Еңбек заңнамасына сәйкес, осы оқиға бойынша тәрбиеші  жұмыстан шығарылды», – деп хабарлады қалалық білім беру бөлімі.

Бүгінде материалдар құқық қорғау органдарына беріледі.

Еске сала кетейік, Павлодардағы балабақшаларда балаларға қатысты мұндай оқиға алғашқысы емес. Маусым айында қаланың №16 балабақшасында осындай шу шыққан. Бейнебақылау камераларының жазбаларында ата-аналар тәрбиешінің екі жасар балалардың басынан ұрғанын көрген. Ата-аналардың айтуынша, тәрбиеші балаларды қолмен ғана емес, тіпті ыдыспен де ұрған.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram   арнасынан таба аласыз.