Қарағанды облысы прокуратурасының қызметкерлері заңсыз иеленген мүлікті мемлекетке қайтарды, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Бұл туралы қадағалау органының баспасөз қызметі жария етті.
– Прокуратура заңсыз берілген 37 жер телімін, сондай-ақ құны 900 миллион теңгені құрайтын "Сарыарқа" хоккей клубын мемлекет меншігіне қайтарды, – делінген мәлімдемеде.
Қазір прокурорлар мемлекеттік мүлікті жекешелендірудің заңдылығын тексеріп жатыр. Мемлекеттің экономикалық мүдделерін қалпына келтіру мақсатында заңсыз алынған және жекешелендірілген барлық мемлекеттік мүлікке қатысты прокурорлық қадағалау және ден қою шаралары қабылданатын болады.
Еске салайық, 2023 жылғы 12 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Заңсыз алынған мүлікті мемлекет меншігіне қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын. Негізгі міндеттер заңсыз алынған мүлікті анықтау және мемлекетке қайтару. Сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және мүлікті заңсыз алып қоюға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау болып табылады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.