Атырау облысында жасөспірім өліміне күдікті екі айға қамауға алынды

Биыл 4 шілдеде Атырау облысы Махамбет ауданы Сарытоғай ауылында ауылдасының соққысынан 17 жасар жасөспірім мерт болды.

Атырау облысының прокуратурасы Махамбет ауданында жасы кәмелетке толмағанның қаза болу дерегі бойынша ақпарат жариялады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Полиция аталған дерек бойынша «Абайсызда қазаға ұшырату» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. 11 шілдеде Атырау облысы прокуратурасының нұсқауымен күдіктінің әрекеті «Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабымен дәрежеленіп, ол қамауға алынды, – деп толықтырды ведомство.

13 шілдеде оған қатысты екі ай мерзімге күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды. Істің тергеп-тексерілуі ерекше бақылауға алынды.

«Адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары – мемлекетіміздің ең жоғары құндылықтары. Адамның өмірі мен денсаулығына қол сұғушылық заң бойынша қатаң түрде қудаланады», – деп ескертті қадағалаушы орган.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Тelegram  арнасынан таба аласыз.