Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман мен марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді әлеуметтік желіде бірге тікелей эфир өткізіп, көпшілікті алаңдатқан өзекті тақырып жайлы сөз қозғады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Назым Қаһарманның сөзінше, бір кездері оның кәсібі Бишімбаевтар әулетіне өтіп кете жаздаған. Ол мұндай жағдайда дау шығармай, манипуляцияға еріп кетпеу керегін айтты.
– Ажырасқан уақытта дүние-мүліктің теңдей бөлінуі – заңдылық, бұл әлемдік тәжірибе. Алайда біздің ел бұған әлі жатырқай қарайды. Еркектер "Мен табыс табамын, ал сен үйде бос отырсың" деп шыға келеді. Әйелдің 9 ай бала көтергені, босанғаны, гормондық, психологиялық қиындықтарды бастан өткізгені қайда қалды? Оның құны қалай есептеледі? Баланың әкеге сыйлар бақытын да ақшамен есептей алмаймыз. Бірақ әлемдік тәжірибеде ер мен әйелдің отбасындағы материалдық үлесінен бөлек материалдық емес үлесі де есепке алынады. Бізге де осындай көзқарас керек. Қазақ қоғамында әйелге қойылар талап тым көп. Ол керемет жар, ибалы келін, үлгілі ана болып қана қоймай, жетінші баласын босанған соң 40 күннен кейін модель сияқты сымбатты болуы қажет. Сол талаптардың бәріне сай келіп тұрған күнде де үйде бос отырсың деп еңбегін құнсыздандырады, –дейді Назым.
Назым ҚаҺарманның айтуынша, табысын төмендетіп көрсету былай тұрсын, дүние-мүлкін әке-көкесінің атына жазу үрдісі кең белең алып барады. Мұндай жағдай өз отбасында да болыпты. Ол Бишімбаевтың анасының атына жазылған бизнесінен қалай айырылып қала жаздағанын айтып берді.
"Мүлік арқылы да манипуляция жасауға болады. Мен де өзге әйелдер секілді күйеуіме сендім. Клуб менің бұрынғы енеме (Бишімбаевтың анасына) тіркелген. Біз ажырасып жатқанда "Қандай адамсың, клубты бер" деген секілді көрініс болды. Бұл да бір манипуляция. Жанжалға мән бермей, өз жұмысыңды істей беру керек", – дейді Назым.
Назым бұл кәсібіне 10 жыл уақытын арнағанын, бірақ бизнес Бишімбаевтың анасына жазылып кеткенін айтады. Артынша экс-министр бұрынғы әйеліне активтерін қайтарған.
Еске салайық, Назым Қаһарман мен Қуандық Бишімбаев бірге 14 жыл тұрған. Олардың ортақ үш баласы бар.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Тelegram арнасынан таба аласыз.